ОҚО-да анасы мен әйелін пышақтап өлтірген азаматқа қатысты жаңа дерек шықты

0
4 305

​Ақпанның 23-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында орын алған қанды оқиғаның қалай болғанын күдіктінің әкесі Әбді Қожықов ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


ОҚО-да анасы мен әйелін пышақтап өлтірген азаматқа қатысты жаңа дерек шықты

Ақпанның 23-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында орын алған қанды оқиғаның қалай болғанын күдіктінің әкесі Әбді Қожықов ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Ордабасылық тұрғын бұл күні қанды оғиғаға себеп болатындай отбасында ешқандай жанжалдың орын алмағанын айтады. Бар болғаны теледидар көріп отырған ұлы Жандарға сырттан отын алып кел деп жұмсаған. Қатты сөйлемеген. Бұл сәтте отағасы келінін дәріханаға жұмсаған екен. Сол сәтте ұлы ас үй пышағын қолына ұстап, дәріханаға кеткен келіншегін екі жерінен пышақтап үлгереді. Келінінің даусын естіп, сыртқа жүгіріп шыққан әйелін де ұлы пышақтап тастайды. Дене жарақатын алып жан дауысы шыққан әйел қас-қағым сәтте ұлынан қашпақ болып қақпаның қасына жақындай бергені сол ұлы арқасынан келіп тағы да бірнеше дене жарақатын салады. Әбді Қожықовтың айтуынша, ұлы анасының бес жерінен пышақтап тастаған. Осы сәтте немересіне қарап отырған ол әйелінің көмекке шақырған дауысын естіп сыртқа атып шыққанда ұлы өзіне де шабуыл жасайды. Абырой болғанда ер азамат ұлымен арпалысып, қолындағы пышағын алып үлгергенде ұлы құлап түскен. «Көзі қызарып, есін білмей, теңселіп әрең тұрды. Оның маған шамасы да жетпейтін еді. Құлады да орнынан тұра алмады. Әйелім мен келінімнің қансырап жатқанын көріп есеңгіреп қалдым. Ұлыма бар айтқан сөзім "Балам, не істедің?" болды» деген күдіктінің әкесі ұлының қанды оқиға болардан екі-үш күн бұрын өңі қашып, көзі қарауытып жүргенін байқағанын айтты. Тіпті тамаққа тәбеті де болмапты. Әкесі ұлының бұнысын жұмыстан шаршап жүр екен деп болжаған.

Әбді Қожықов ұлының мұндай әрекетке баруына есірткінің қатысы бар деп отыр. Ел арасында айтылып жүрген «өзге діннің жетегінде кеткен», «туыстарынан намазға оқы деп талап етіп, олар оны орындамаған соң пышақтап тастапты», «келіншегі ас әзірлемей қойғандықтан пышақпен өлтірген» деген сынды айтылып жүрген әңгімелер шындыққа жанаспайды деп кесіп айтты.

«Түрлі нәрселер айтылып жүр. Ойбай, басқа дінге кіріп кетіпті, сақал өсіреді. Қысқа балақ киеді екен дейді. Ұлым сақал өсірген адам емес. Балағы да өзіміздікі секілді. Намазды оқи бастағанына көп болмады. Мен ойлаймын, бұл жерде есірткінің қатысы бар. Өзіңіз ойланып қараңызшы, қандай адам өз анасын пышақтайды? Қандай дін болсын, өзін туған анаға қол жұмсау ақылға сыйымсыз. Есірткінің кесірі ғой. Енді естіп жатырмын, ұлымды жаман ортадағы жігіттер өз топтарына қосқысы келген екен. Тіпті «отбасыңмен бауыздап кетеміз» деп қорқытқан да деген әңгімелер жүр қазір. Бұған дейін ұлымды әлдекімдер өлімші етіп сабап, үйдің алдына әкеп тастаған» деген әйелі мен келінінен айырылған тұрғын Шұбарсу ауылында есірткінің ошағы пайда болды деп дабыл қағып отыр.

«Кеткен адамды қайта тірілтіп ала алмасым анық. Тек осындай оқиға енді біздің ауылда тағы қайталанбаса деймін. Сол үшін істі түбіне дейін жеткізу керек. Өзге дінге кіріп кеткендіктен осылай адам өлтіріпті деген қорытындымен іс жабылып кетпесе деймін. Әртрүлі алып-қашпа әңгімелер онсыз да езіліп тұрған жүрегімді одан бетер езіп жатыр,- деді күдіктінің әкесі.

Әбді Қожықов өткен жылдың қараша айында көршісі, ұлымен қатарлас жас жігітті әлдекімдер пышақтап тастап, қайтыс болғанын айтып қалды. Оның ойынша, бұл оқиғада да есірткінің қатысы бар. Себебі көршісі қайтыс болған кезде ұлы Жандар Қожықов Шардара ауданында жұмыс сапарымен болған. Үйіне келгеннен соң бойында қорқыныш пайда болыпты. Себебі әлгі жаман ортадағы адамдардың бірі оған «Сол баланың орнында сен өлуің керек еді» деп үркіткен екен. Содан бері ұлым қорқақ болып қалды. Тіпті түнгі уақытта дүкенге шығудан қалды. Есікті үнемі құлыптап жүрді. Тіпті есікті ауыстырайықшы деп те өтініш айтқан болатын. Ал анасы мен әйеліне шабуыл жасамас бұрын екі күндей жұмыспен жұмсасам, ол жерде болмай шықты. Келген соң көзі қарауытып келіп жүрді.Көршінің өлімінен соң ұлым намазға жығылды» деген Әбді Қожықов мұнысымен ұлын ақтап алғысы келіп отырған жоқтығын жеткізді.

«Мен баламды ақтам алғым келіп отырған жоқ. Өз анасын пышақтап өлтірген адам жазасын алу керек. Тіпті оны сот жүз жылға қамап тастаса да ризамын. Ұлым мен үшін «тірі өлік» болды. Оның темір тордың ар жағынан тірі шығатынына сенбеймін. Меніңкі тек осы жағдайға кімдер кінәлі? Мұнда есірткінің қатысы бар деп толықтай айта аламын. Бірақ, соны ауылға кім әкеліп жатыр? Ошағын құрту керек» деп ашынған тұрғын енді жалғыз қызы үшін өмір сүретінін айтты.

Айтпақшы, марқұм келіншек пен күдіктінің артында бес жарым айлық қыз бала қалды. Сәбиді нағашылары өз тәрбиесіне алыпты. Көз алдында ұлының екі адам өлтіргеніне куә болған тұрғынға құдалары қолдау білдіріп отыр екен.

Күдікті екі адамды өлтіргенін оқиға болған орында-ақ мойындаған. Қазіргі таңда екі ай қамауға алынды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.