Асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, белдесу сынды ойындардан келушілер де сайысқа түсті.
Түркістан төрінде Төлеби ауданының мәдениет күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Төлеби ауданының мәдениет күндері басталды. Этноауылда «Алтыбақан» ойын-сауық отауы құрылған. «Төлебиім – киелі құт мекенім» кітап көрмесі келушілерге өңірден шыққан тұлғаларды кеңінен таныстыды. Ал Алдар көсе, Қожанасыр кейіпкерлерінің ұйымдастыруымен ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Атап айтқанда асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, белдесу сынды ойындардан келушілер де сайысқа түсті.
Қылқалам шеберлерінің сурет және «Қасиетті де, киелі қолөнерім» қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Еркін Айтбаевтың және суретші, өнертану ғылымдарының докторы Ділдабай Кемешовтың туындылары қойылды. Қолөнер шеберлерінің шеберлік сағатында қағаздан себеттер жасау, кілемше тоқу, саздан құмыра жасау үлгілері көрсетілді. Бұдан бөлек, «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, ұлттық көне салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері сомдалды.
Айта кетейік, екі күнге жоспарланған мәдени-рухани шара ертең де жалғасын табады. 18 қыркүйек күні, сағат 11:00-13:00 аралығында Этноауылда «Ұлт қазынасы» атты ұлттық ойындардан (қазақша күрес, аударыспақ, қошқар көтеру, гір көтеру, қол күрес, садақ ату, тоғызқұмалақ сынды т.б) жарыстар өткізіледі. Сонымен қатар «Өнерлі өлке» аудандық, қалалық саз мектебінің концерттік бағдарламасы ұсынылады. Ал сағат 19:00-де «Керуен сарай» кешенінде Төлеби ауданы өнерпаздарының мерекелік гала-концерті өтеді.