Маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД, Прибалтика, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Мақтааралда ауыл шаруашылығы өнім көлемі 42 млрд. теңгеге жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының негізгі экономикасын ауыл шаруашылығы құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандағы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд. теңгеге жеткен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 млрд., мал шаруашылығы 9,6 млрд., ауыл шаруашылық қызметі 278 млн. теңгені құраған.
Ал диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша 96 511,6 тонна ақ алтын жиналып, орташа өнімділік 25 центнерді құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 центнерге артық.
Ресейлік және Еуропалық кәсіпкерлердің сөзінше, әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтааралдікі деседі. Бұған дәлел маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД, Прибалтика, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Былтыр мақталы өлкеде 316 366,5 тонна бақша өнімдері өндірілді. Сондай-ақ, мақтааралдықтар күріш өсіруді де шебер меңгерген. Оған дәлел, өткен жылы 9 104,4 тонна күріш қамбаға жиналған.
дереккөз:Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі