Шымкенттің миллионыншы тұрғынына пәтер сыйға тартылды

0
1 850

Шаһардың миллионыншы тұрғынының әкесі Самат Еламанов Шымкент қаласындағы жүйке аурулары ауруханасында медициналық қызметкер, анасы Айжан Ахайбекова "Альфа банктің" Шымкент қаласындағы​ бөлімшесінде менеджер болып жұмыс істейді. ​


Шымкенттің миллионыншы тұрғынына пәтер сыйға тартылды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының миллионыншы тұрғыны Айсұлу Саматқызы Еламановаға ОҚО әкімі Ж.Қ.Түймебаев екі бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты түрде тапсырды. Нәресте қыз Айсұлу 2018 жылғы мамыр айының 17 жұлдызында туылыпты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласындағы Қаратау ауданына қарасты Төлеметов көшесіндегі 69/13 көпқабатты үйдің 21 пәтерінің кілтін облыс басшысы нәрестенің ата-анасы Самат Еламанов пен Айжан Ахайбековаға табыстады.

Жалпы бұл аймақтағы үйлерді «Отау-строй» компаниясы салған екен. Компания басшысы Қайрат Молдасейітов аталмыш пәтердің демеушісі болып шықты.

-Астана өткен жылдары миллиондық қалаға айналса, Шымкент биыл миллиондық қала болды. Астанадағы экономикалық форумда осы жайында ресми түрде жарияланды. Жарияланған күні дүниеге келген Айсұлу атты қызымыз бұл. Айсұлу жақсы жағдайда өмір сүрсін, тәуелсіз еліміздің үлкен азаматы болсын. Бұрын бұл отбасы ата-аналарымен бірге бір пәтерде сегіз адам болып өмір сүрген екен. Енді үшеуіңіз жаңа пәтерде өмір сүресіздер, құтты болсын, - деді облыс әкімі.

Кешеден бастап ресми мегаполиске айналған шаһардың миллионыншы тұрғынының әкесі Самат Еламанов Шымкент қаласындағы жүйке аурулары ауруханасында медициналық қызметкер, анасы Айжан Ахайбекова "Альфа банктің" Шымкент қаласындағы бөлімшесінде менеджер болып жұмыс істейді.

«Миллионыншы болып туылған Айсұлудың еңбегі бар сондықтан пәтердің кілтін соған береміз» деген өңір басшысы нәрестенің қолына кілт ұстатты. Анасы айжанға бір шоқ гүл берді. «Енді Айсұлудың әкесі Самат осы жаңа үйіне азық-түлік тасысын» деп қалжыңдады Ж. Түймебаев.

Содан кейін облыс әкімі жас отбасына берілген су жаңа пәтердің ішін аралап көрді.