Түрік инвесторлары Кентауда 200 гектар аумаққа жылыжай салады

0
1 148

Атап айтсақ, «Dal Holding Investment CO» компаниясы жақында Кентау қаласында 200 гектар аумаққа заман талабына сай жылыжай кешенін салуды бастамақ. Құны 500 млн. АҚШ доллары болатын жоба арқылы 3000 жұмыс орны ашылмақ.


Түрік инвесторлары Кентауда 200 гектар аумаққа жылыжай салады

Жуырда Анкарада өткен бизнес форумда Түркияның компаниялары мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандум жасалған болатын. Осы келісімге сәйкес, Түркістан қаласына Түркияның атақты «Dal Holding Investment CO» компаниясының Қазақстан Республикасы бойынша бірінші басшысы Демирджан Кусе бастаған өкілдері келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Инвесторларды қабылдаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев компания басшыларының Түркістанды дамыту бағытындағы ұсыныстарына қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

"Түркістан қаласының қазақ халқы үшін, бүкіл Түркі әлемі үшін аса маңызды қала екенін білесіздер. Елбасымыздың Жарлығына сәйкес, Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Сіздердің компанияларыңыздың жетістіктерінен хабардармын. Бірнеше бағытта әріптестік орнатып, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар", — деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Демирджан Кусе қазірдің өзінде нақты жобамен келгенін, облыспен танысу барысында өзге де жобаларды қаржыландыруға әзір екенін мәлімдеді. Атап айтсақ, «Dal Holding Investment CO» компаниясы жақында Кентау қаласында 200 гектар аумаққа заман талабына сай жылыжай кешенін салуды бастамақ. Құны 500 млн. АҚШ доллары болатын жоба арқылы 3000 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жылыжай «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне 25 шақырым жердегі индустриалды аймақта орналасады. Кентаудағы жылыжай кешені ауыл шаруашылық өнімдерін молайып, еліміздің экспорттық әлеуетін көтереді деген болжам бар.

33 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл компания Оңтүстік Америка, Африка, Қиыр және Таяу Шығыс пен Орта Азияда түрлі жобаларды жүзеге асырған. Әлемнің түкпір-түкпірінде 2000 өкілі бар. Компания цемент шығару, тау кенін өндіру, машина жасау, автоматтандыру, өндірістік шаң-тозаңдарды жинайтын құрылғы жасау және энергетика саласында жоғары деңгейлі кәсіпорындар салумен де айналысады.