Жағдайдың күрделенуін санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы мен бетперделік режимге салғырт қарау факторлармен байланыстырды.
Түркістан облысында жыл басынан 200-ден астам адам covid-19 инфекциясын жұқтырған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында жыл басынан бері 200-ден астам адам COVID-19 инфекциясына шалдықты. Соңғы тәулікте 37 жағдай есепке алынса, оның ішінде 4 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Бұл туралы Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов брифингте мәлімдеді.
Жағдайдың күрделене бастауын дәрігерлер – қоғамдық орындарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы мен бетперделік режимге салғырт қарау сынды факторлармен байланыстырады. Сондықтан, сала мамандары қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
«Бүгінде облыс тұрғындарының 99,9 % коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін, 98,4% екпенің ІІ компонентін қабылдаған. «Pfizer» препаратының бірінші екпесін 80 034 азамат салдырса, екінші компонентті салдырғандар саны - 33 076. Жалпы вакцинациялау көрсеткіштері бойынша облысымыз республикада алғашқы үштіктің қатарында. Дегенмен, босаңсуға болмайды. 9500-ден астам кәсіпкерлік нысан «Ashyq» бағдарламасымен жұмыс істеуде»,- деді Нұрбек Садықбекұлы.
Жалпы өңірде КВИ-ға қарсы вакцинаны салдырту жоспарланған іс-шараларға сәйкес мерзімінде жүргізілуде. Облыстық қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары Алтын Досанованың мәліметінше, ревакцинацияға 59 687 вакцина жеткізіліп, бүгінгі таңға 40 952 адам екпе қабылдаған.