ТҮРКІСТАН: 49 медициналық-санитарлық нысан салынады

0
342

Нысандардың құрылысын биыл аяқтау көзделуде.


ТҮРКІСТАН: 49 медициналық-санитарлық нысан салынады

Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысы аумағындағы 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, елді мекендерде жаңадан 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт салынады. Нысандардың құрылысын биыл аяқтау көзделуде.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты сала басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және мердігер мекеме өкілдерімен бірге Ұлттық пилоттық жоба аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтады. Жұмыс барысын бақылап, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма міндеттеді.


«Бұл жоба – Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасына аса ден қою қажет. Ел игілігі үшін жұмысты абыроймен атқарыңыздар. Жұмыс белгіленген кестеге сай, мерзімінде орындалу керек. Жұмыс күшін көбейтіңіздер. Ауыл азаматтарын да жұмысқа тартыңыздар. Мәселе орын алса, дер кезінде хабар беріңіздер. Біз өз тарапымыздан көмек көрсетеміз», – деді Бейсенбай Дәулетұлы.


Жиында құрылыс компанияларының өкілдері жұмыс барысын баяндады.


2023 жылы басталған 3 ФАП-тың құрылысы қарқынды. Қазіргі уақытта республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралып, 30 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.


Айта кетейік, денсаулық нысандарының құрылыс сапасын бақылау үшін арнайы қоғамдық комиссия құрылып, тұрақты тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады.


Сонымен қатар өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыс аумағындағы тозығы жеткен мектептерді ретке келтіру жұмыстары атқарылуда. Биыл облыстағы 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы 7,7 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде, 5 мектеп жаңа оқу жылына қарсы пайдалануға тапсырылады. Қалған 17 мектептің жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.


Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты сала өкілдері және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлармен онлайн режимде білім ұяларында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысын қадағалады. Жауапты басшыларға жұмысты өндірістік кестеге сай жүргізуді, жаңа оқу жылына дайындықты күшетуді тапсырды.