2024 жылы 6 мәдениет үйінің қолданысқа беріледі.
Түркістан облысында 5 жылда 13 жаңа мәдениет нысаны ашылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Осы қысқа ғана уақытта облыс пен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды. Тарихи шаһарда 250-ден аса жаңа нысан бой көтеріп, адам танымастай өзгерді.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Жалпы Түркістан облысында соңғы 5 жылда 13 мәдениет мекемесі салынып, пайдалануға берілді. Олардың басым бөлігі облыс орталығында бой көтерді. Тарқата айтсақ, «Фараб» ғылыми әмбебеп кітапханасы, «Ұлы Дала Елі» орталығы, Түркістан музыкалық драма театры, «Конгресс холл» көпсалалы кешені, «Ақжайық» музыка мектебі, Оқушылар сарайы, Амфитеатр, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы қалалық саябағы, Қожа Ахмет Ясауи музейі, Тұңғыш Президент саябағы және Созақ ауданындағы С.Қожанов атындағы музейі т.б. нысандар бар.
Сондай-ақ өңірде өткен жылы құрылысы басталған 13 ауылдық мәдениет үйі биыл, яғни жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ. Сонымен қатар, биыл облыста 6 мәдениет үйінің құрылысы басталып, 2024 жылы қолданысқа беріледі.
Бес жылдық белестің қарсаңында, облыс әкімдігінің қолдауымен өңірімізде бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бір айғағы – «Фараб» әмбебап-ғылыми облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен «Бес жылдыққа - бес әдеби сапар» атты игі жоба қолға алынған. Тараз қаласынан басталған кітап керуені Алматы, Астана, Қызылорда қалаларында жоғары деңгейде кездесу кешін өткізді. Аталған жоба аясында «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы да жүзеге асты. Жалпы бұл кітапхананың қор сақтау бөлімінде қазіргі таңда 400 мыңға жуық кітап бар.
Сондай-ақ, Түркістанның туристік, мәдени әлеуетін дамыту мақсатында сәуір-шілде айлары аралығына жоспарланған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында әр аудан, қаланың мәдени күндері өтіп жатыр. Аталған мерекелік шара бүгінде шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын арттырды.
Облыстың 5 жылдығына арналған мәні терең мәдени, рухани іс-шаралар алдағы айларда да жалғасады. Атап айтсақ, тамыз айында «Арыс жағасында» ретрофестивалі мен «Ұлы дала дәстүрі» этнофестивалі, қыркүйек айында «Түркістан дауысы – 2023» республикалық эстрада әншілерінің байқауы, қазан айында дәстүрлі халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері байқауы, сондай-ақ «Ән, жырым саған, Түркістан» атты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының концерті т.б. кең ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысында 688 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде 396 кітапхана, 251 клуб мекемесі, 3 театр, 1 орталық, 1 филармония, 1 конгресс холл, 1 фильм мекемесі және 9 саябақ бар.