Бұл қылмыс 2 есеге көбейген.
Түркістан облысының бас полицейі өткен жылды қорытындылап, халыққа онлайн режимде есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, 2021 жылы жеке құраммен атқарылған жұмыстарды қорытындылап, халыққа онлайн режимде есеп берді. Ең алғаш есептік жиында былтырғы жылы атқарылған жұмыстар бойынша бейнеролик көрсетілді. Ең алдымен қызметке тағайындалған сәттен бастап жылы шыраймен қабылдаған облыс тұрғындарына алғыс айтқан генерал баяндама жасады.
«Өткен жылы облыста онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар саны 2869-ды құрап, 11,0%-ға төмендеді. Бөтен мүлікті ұрлау қылмыстары 26,4%-ға азайып, ашылуы 61,8%-ға көтерілді. Пәтер ұрлығы 17,2%-ға, мал ұрлығына байланысты қылмыстар 16,3%-ға азайды. Аса ауыр қылмыстардың ашылымы 96,6%-ға жоғарылады. Полицейлермен үнемі есірткінің зияны жайлы сабақтар өткізіліп, брошюралар таратылып, билбордтар ілінуде. Брифингтер өтуде. Соның нәтижесінде 2021 жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты 409 дерек тіркеліп, 5 тонна 506 килограмм есірткі заттары алынды. Аса қауіпті саналатын есірткінің синтетикалық түрін сақтаған 10 адам ұсталды. 187 сайтқа «Кибернадзор» бағдарламасы арқылы шектеу қойылып, бұғатталды .Оған қоса Есірткі түрлерін жарнамалаған 2 тұлға анықталып, оларға қатысты ҚК-нің 299-1-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау шаралары да біздің назардан тыс қалып жатқан жоқ. Десек те, жыл ішінде 712 жол-көлік оқиғасы болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,7% - ға аз. Ал осы өкінішті жайттардың салдарынан 319 адам қаза тауып, 743 адам жарақат алған. 1 жыл ішінже 710 мың 330 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде жол қозғалысы бойынша – 611 мың 546 құқықбұзушылық. Ал көлікті мас күйде басқарған 1037 жүргізуші анықталды. Облыс көлемінде біздің бақылауымызда 56 бейнекамера мен 70 фиксатор бар. Олардың көмегімен 281 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды» - деді Мұрат Қабденов.
Сонымен қатар, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, алаяқтық қылмысының өзектілігіне, яғни бұл қылмыстың тіркелуі 2 есеге көбейгенін жеткізді. Және облыс тұрғындарын алаяқтарға алданбауға, өзіне ғана белгілі құпия деректерін ешкімге айтпауға кеңес берді.
Онлайн режимде өткізілген есеп беру жиыны ТО ПД-нің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфирде жүргізілді. Өз кезегінде 500-ден астам тұрғын өздерінің ұсыныс-пікірлерін, сауалдарын жолдады. Соның арасында қала тұрғыны Гүлмира Баймұратова «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық» жайында сұрақ қойған. Бұл бойынша ТО ПД бастығының бірінші орынбасары А.Сейдуалиев жауап берді.
«Аталған қылмыс өткен жылы 4,8 пайызға өсті Сондықтан осы жылы отбасындағы зорлық әрекеттерін азайту шаралары атқарылуда. Кешегі Президентіміздің «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдануы айтылды. Демек бұл ретте, біз отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен күресуіміз тоқтамайды және жұмыс күшейтілді», - деп жауап берді ол.
Оған қоса тікелей эфир арқылы кадр, тергеу, әкімшілік полиция, жергілікті полиция саласына қатысты жүздеген сұрақтар қойылды. Сауалдардың басым көпшілігіне сол арада нақты жауаптар берілсе, кейбіріне жазбаша түрде жауап қайтарылатын болды.