ТҮРКІСТАН: Ардагерлер жас-жұбайларға неке куәлігін табыстады

0
710

Жаңа орталықта қиылған 142-неке болып тіркелді.


ТҮРКІСТАН: Ардагерлер жас-жұбайларға неке куәлігін табыстады

Арысқа барған ардагерлер жас-жұбайларға неке куәлігін табыс етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласында өткен Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының көшпелі семинарында соңғы бір жыл ішіндегі 142-ші неке қиылды. Оған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен облыстағы «Ардагерлер ұйымының» төрағасы және облыстық «Әжелер алқасының» жетекшісі, облыстың барлық ауданындағы «Ардагерлер ұйымының» төрағалары және Арыс қаласының зиялы қауым өкілдері қатысты.


Ашылғанына тура бір жыл толған орталықта ерекше ырымға балап айтарлықтай оқиға болды. Қала тұрғыны Ерлан Қалдыбекұлы мен Ақмарал Оразбекқызы және Қуанышбек Жақсыбекұлы мен Балнұр Жанатханқызының некесі өңірге танымал тұлғалардың ақ батасымен салтанатты жағдайда қиылды.


Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің азаматтық хал актілерін тіркеу саласының бас маманы Ұлмекен Оспанханқызының айтуынша, бұл некенің қиылуы бірнеше сәтті деректермен тұспа-тұс келіп отыр.


«Бүгін 2021 жылдың 17 мамырында ашылған неке сарайының қызмет көрсете бастағанына тура бір жыл толды. Осы уақыт аралығында мұнда некесін қидырғандар саны 142-ші жұп болды», – дейді ол.


Аға буын өкілдерінің қатысуымен өткен салтанатты неке қию рәсімінде Түркістан облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен қала әкімі Гүлжан Мамытқызы жастарға неке куәлігін табыс етіп, жас жұбайлар некесінің баянды болуын тілесе, арыстық батагөй қария Балғынбай Пердебеков ақ батасын берді.


Айта кетейік, неке сарайы өткен жылы қала әкімі Гүлжан Мамытқызының Арыс жастарымен кездесуі кезінде жастар ұсынысымен заманауи үлгіде жаңадан ашылған болатын.


Тағы бір ескере кетерлік жайт, Арыс өңірінде АХАЖ саласының қызмет көрсете бастағанына биыл 101 жыл толып отыр. Қазіргі кезде бұл бөлімде туу, неке қию, неке бұзу, әке болуды анықтау, бала асырап алу, тегі мен аты-жөні, әкесінің атын ауыстыру немесе қайтыс болу туралы мәліметтер мемлекеттік тіркеуге алынып, азаматтарға елтаңбалы куәліктер беріледі.