ТҮРКІСТАН: Арыстық кәсіпкер 30 жанұяға жылу сыйлады

0
861

7 тонна көмір қапталып, 30 отбасы мен 2 мешітке тегін таратылды.


ТҮРКІСТАН: Арыстық кәсіпкер 30 жанұяға жылу сыйлады

Арыстық азамат 4 ауылдың тұрғындарына қайырымдылық жасап, ел алғысына бөленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жеке кәсіпкер Олжас Сансызбайұлының бастамасымен жергілікті белсенді жігіттер тұрмысы төмен әрі көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, қол ұшын созды.


Атап айтқанда, 7 тонна көмір қапталып, 30 отбасы мен 2 мешітке тегін таратылды. Сондай-ақ 40 қап ұн көпбалалы отбасылар мен асыраушысынан айырылған жандардың үйіне жеткізіліп, ондаған ананың көңіліне қуаныш, ұл-қыздардың жүзіне күлкі сыйлады.


Адам баласының жанын жадырататын мұндай шарадан дін өкілдері де шет қалмай, Ақдала, Дермене, Еңбекші елді мекенінің белсенді жастары да біркісідей атсалысқан.


Жақсылық жасауда жарысатын арыстық кәсіпкерлер бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынын айтады. Ал ауыл тұрғындары болса, естігенде елең еткізетін, жұма күнгі мұндай шараны дәстүрге айналдыруға атсалысамыз дейді.


Айта кетейік, Олжас Сансызбайұлы бұдан да бөлек қайырымдылық шараларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Ақдала ауылында халыққа тұрақты түрде қызмет ұсынатын қоғамдық монша ашқан кәсіпкер әлеуметтік аз қамтылған ауыл тұрғындарына монша қызметін тегін ұсынып, ауыл тұрғындарының алғысына ие болған.