ТҮРКІСТАН: Арыстық тұрғын көршісінің ақшасын телефонмен ұрлап, оның атынан несие алған

0
922

Күдікті әйелдің үстінен ҚР ҚК нің 190 бабы "ұрлық" бойынша қылмыстық іс қозғалды.


ТҮРКІСТАН: Арыстық тұрғын көршісінің ақшасын телефонмен ұрлап, оның атынан несие алған

Арыс қаласының тұрғыны көрші әйелдің 700 000-нан астам теңгесін телефон арқылы жымқырған. Көршісінің сеніміне кіріп алған арыстық әйел жәбірленушінің жәрдемақысын жаратып, тіпті атынан онлайн несие рәсімдеп алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Арыс аудандық полиция бөліміне жәбірленуші әйел банк карточкасындағы ақшаның жымқырылғандығын айтып шағымданған. Тәртіп сақшылары аталған жәйтбойынша Қазақстан республикасының қылмыстық кодексінің 190 бабы "алаяқтық" бойынша қылмыстық іс қозғап, жедел тергеу жұмыстарын жүргізеді. Қырағылық танытқан тәртіп сақшылары күдікті ретінде жәбірленушінің көршісін, яғни Арыс қаласының тұрғынын құрықтады.

Жәбірленуші көршісін мұндай қадамға барады деп күтпегенін айтқан. Ұсталған күдікті жәбірленушінің банк карточкасы арқылы үш банктен 300 000 теңгеге онлайн несие рәсімдеп оны жаратып жіберген. Тіпті көршісінің жүктілік кезінде берілетін бір реттік жәрдемақысын, яғни 400 000 теңгені оп оңай басқарып, яғни өз қажеттілігі үшін пайдаланған. Тергеу барысында күдікті әйел адамның жеке басында төленбеген несиесі болғандықтан банк карточкасын пайдалана алмай жүргені анықталған. Ақша табу үшін көрші әйелді пайдаланбақ болған ол танысына жәбірленушінің банк карточкасына ақша салдырып оны өзі банкоматтан алған. Осылайша көршісінің құпия коды мен деректерін біліп алып арам пиғылын ары қарай жалғастырып жүрген. Ойланбастан оңай ақшаға құнығып көршісінің "декретный" жәрдемақысын да жымқырған.

Күдікті әйелдің үстінен ҚР ҚК нің 190 бабы "ұрлық" бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп тексеру жүргізіліп жатыр.

"Күдікті әйел ешқайда кетпеу туралы және тиісті мінез-құлық туралы қолхатта. Ал, қырағы полицейлердің айтуынша аталған іске қатысты тергеу амалдары толық аяқталғаннан соң, іс сотқа жолданбақ,"-деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Өз кезегінде облыс полицейлері тұлғаларға артық сенім білдіріп құпия деректерді, төлқұжат нөмірлерін айтуға болмайтындығын ескертеді.