Өзендердің су басу қауіпі бар жағалаулары мен сағалар анықталуда.
Түркістан облысының аудандарында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен аудандарда қардың еруі мен жауын-шашынның салдарынан болуы ықтимал жағдайлардың алдын алу шаралары ұйымдастырылуда. Өзендердің су басу қауіпі бар жағалаулары мен сағалар анықталып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Келес ауданында су тасқынының алдын алу бойынша аудан орталығындағы ішкі көшелердің бойларын қардан тазалау жұмыстары жүргізіліп, Келес өзені бойынан қашыртқы қазылды. Сондай-ақ Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе елді мекеніндегі қашыртқыларға механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді.
Сайрам ауданында Ақарыс елді мекенінің су басу қаупі бар жерлерге ауыл тұрғындарының есебінен және ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен 3 техника жұмылдырылып, ұзындығы 500 метр және ені 1 метр көлемде қашыртқы қазу жұмыстары басталды. Сонымен қатар ауылдық округінің әкімшілігі тарапынан су тасқынының алдын алу мақсатында 1 сусорғыш мотопомпа, 4 текше метр құм, 500 қапшық дайындалған. Бұдан бөлек, 1 экскаватор және 2 жүк тиегіш, инертті және басқа да қажетті құрылыс заттарымен қамтамасыз ету бойынша келісімшарт түзілген.
Ордабасы ауданындағы Қажымұқан ауылдық округінде арнайы техниканың көмегімен Ынталы ауылының су қашыртқысы тазаланып жатыр. Қараспан ауылдық округі, Ақпан ауылындағы арықтар, Қажымұқан ауылдық округі, Көктөбе елді мекеніндегі су басу қаупі бар аймақтар арнайы техниканың көмегімен тазалануда. «Теспе» және «Бөржар» су қоймаларының жағдайы бақылауға алынған.