ТҮРКІСТАН: ​Ауыл әкімі кітапты көп оқитын оқушыларға қозы таратып жатыр

0
837

Ордабасы ауданындағы Бөржар ауылдық округінің әкімі Серғали Құрымбеков тың бастаманы қолға алды.


ТҮРКІСТАН: ​Ауыл әкімі кітапты көп оқитын оқушыларға қозы таратып жатыр

иллюстрациялық фото

Түркістан облысы Ордабасы ауданында кітапты көп оқитын оқушыларға қозы беріліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы журналист Абай Балажан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Ел арасында идеясы бар адамдар жоқ емес, бар. Сондай жандардың бірі - Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Бөржар ауылдық округінің әкімі Серғали Құрымбеков!
Серғали әкім таяуда бір тың бастаманы қолға алды, Ол каникул кезінде қай бүлдіршін көп кітап оқиды, соған еншілеп қозы беруді қолға алды. Серғалиға ауылдағы кластастары демеушілік жасаған. Қазірге дейін үш оқушы ауыл әкімі бәйгеге тіккен қозыға ие болды. Қозыны ешкім әшейіннен әшейін алып кете алмайды, оқыған кітабыңнан түсінігіңді айтып беріп қана аласың!
Серғали Құрымбеков каникул біткенге дейін тағы бес қозы дайындап отыр. Ұялыжар ауылы кітапханасының алдынан бассейн салып қойған. Шомылуға келген бала кітапханаға қалай кіргенін өзі де білмей қалады! Кітапханаға кірген соң, әрине, кітап алады!" - деп жазады журналист.