ТҮРКІСТАН: Австриялықтар Жетісайдан жаңа өндіріс орнын ашуға ниетті

0
1 079

Кәсіпорындар салу, жаңа жұмыс орындарын ашу жайында тапсырма берген.


ТҮРКІСТАН: Австриялықтар Жетісайдан жаңа өндіріс орнын ашуға ниетті

Австриялық инвесторлар Жетісайға жаңа өндіріс орнын ашуға ниетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне инвесторлар тарту арқылы кәсіпорындар салу, жаңа жұмыс орындарын ашу жайында тапсырма берген болатын.


Өңір басшысының тапсырмасы аясында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Австриялық инвесторларды қабылдады.


Құрамында Австрияның Вена қаласында орналасқан «Hilfswerk International» компаниясының басшысы Стефан Фритз және аталмыш компанияның қаржы директоры Бернард Степанек, болгариялық Стоянка Монолчева бар делегацияны «Hilfswerk International» компаниясының Орталық Азиядағы өкілдері тәжікістандық Умет Асланов бастап алып келді.


Кездесу барысында Австрия инвесторлары аудандағы шаруа қожалықтарының өндірген жеміс-жидек, бақша өнімдерінің экспортқа шығырылмайтын бөліктерін жергілікті жерде қайта өңдеу, яғни, суглимация жасау арқылы дайын өнімдер шығаруды жоспарлап отырғандықтарын, осы орайда, компания қазіргі таңда Ынтымақ ауыл округі, Әден ата ауылында арнайы өндіріс орнын ашу үшін жер қарастырып, құжаттандыру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге, жергілікті дихандардың өсірген ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау, сақтау және сату барысында туындайтын мәселелерді шешуге, көмектесуге атсалысатындарын жеткізді.


Өз кезегінде аудан әкімі аудан аумағында өндірілетін дақылдардың басым бөлігін мақта шикізаты құрайтынын, бақша мен көкөністің де жеткілікті мөлшерде егілетінін және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға ниетті кез-келген шетелдік инвесторға аудан әкімдігі тарапынан заң аясында қолдау мен көмек көрсетілетінін айтты.


«Бүгінде ауданға келген инвесторлардың бәрі бірдей кәсіпорын немесе зауыт-фабрикалар салады деген сөз емес. Біз қазір әртүрлі салаларда халықаралық деңгейде жұмыс істеп жүрген шет елдік компанияларды ауданға шақырып, аудандағы шикізат түрлерімен таныстырып жатырмыз. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін шикізаттарды терең өңдейтін кәсіпорындар салу жайлы ұсыныстарымызды жасап жатырмыз. Біздің оларға, олардың бізге жасаған ұсыныстары терең зерделеніп, зерттеліп, тиімділігі мен пайдасына толық көз жеткізген жағдайда ғана екіжақты келісім-шарт жасайтын боламыз», — дейді аудан әкімі.


Шет елдік инвесторлар аудан әкімінің қабылдауынан соң аудандық «Кәсіпкерлік орталығында» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп пікір алмасты. Сұрақтарына жауап берді.