Елге танымал эстрада жұлдыздары, жергілікті өнерпаздар мен жастар арасындағы танымал әншілер өз өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Түркістан өңірінің барлық аудан, қаласында «Жастармен Birge» атты гала-концерт өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Халықаралық жастар күні 12 тамызда аталып өтеді. Еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші жастар үшін бұл маңызы мол мереке. Сондықтан, оларды қолдау және ынталандыру қоғамның дамуы үшін аса маңызды болып саналады. Осыған орай облыстағы 17 аудан, қалада «Жастармен BIRGE» атты гала-концерті өтті. Елге танымал эстрада жұлдыздары, жергілікті өнерпаздар мен жастар арасындағы танымал әншілер өз өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шара аясында аудан, қалаларда аудан әкімінің кубогы үшін Жайдарман сайысы, кинокөрсетілім, караоке кештері мен ұлттық спорттан сайыстар ұйымдастырылды. Мерекелік жиында облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді түрде қатысып жүрген жастардың мәдениет, өнер, спорт және білім саласындағы жетістіктері ерекше атап өтіліп, белсенді жастар алғыс хаттармен және сый-сияпаттармен марапатталды.
Айта кетейік, іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік өмірде белсенділігін ынталандыру, сондай-ақ жастардың жетістіктерін атап өту, оларды қолдау арқылы жастардың қоғамдық өмірдегі рөлін нығайту.