Сала басшыларының есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облысы білім басқармасының алқа мәжілісінде өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Маңызды жиынға білім саласының өкілдері, жауапты басшылары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев сала басшыларының есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Мәжілістің күн тәртібінде «Қауіпсіз мектеп» жобасының іске асырылуы, оқу жылының қорытындысы, жаңа оқу жылына дайындық, мектептерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу мәселелері, балаларды жазғы лагерлермен қамту жұмыстары талқыланды.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов салада атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге спикерлер мектепке дейінгі және орта білім мекемелеріне жүргізілген мониторинг қорытындысы, «Балалардың жазғы сауықтыру мен білім беру мекемелерінде қауіпсіздік мәселесі» туралы және «Техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа мамандықтар ашу мәселесі» жөнінде ой қозғады. Ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, алқа қаулысы қабылданды.
Жауаптыларға балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, оқушылардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 1000-нан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен тозығы жеткен білім ұяларын реттеу және қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары атқарылуда. Осы бағытта биыл облыстағы 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сәйкесінше, бұл "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының бір айғағы.