Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар туралы түсіндіріліп, тиісті келіссөздер тұрақты жүруде.
Түркістан облысында білім және денсаулық сақтау нысандары тапшылығын жоюда инвесторлардың да әлеуеті қолданылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында білім және медицина саласы бойынша нысандар соғуға инвесторлар тарту жұмыстары күшейтілді. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар туралы түсіндіріліп, тиісті келіссөздер тұрақты жүруде. Аталған мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында кеңінен талқыланды. Жауапты басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.
«Білім саласына инвестрлар тартқан жөн. Бірақ кәсіпкерлер, инвесторлар мектептерді мектеп тапшылығы бар аймақтарда салуы тиіс. Мәселен, «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынатын білім ұяларының маңына жекеменшік мектептерді салудың мәні жоқ. Егер білім ұясы жеткілікті аймаққа салынса, ол мектепке оқушы табу қиынға соғады. Жауапты басқарма, аудан әкімдері осы мәселені терең зерделеп, бірлесе жұмыс атқарыңыздар. Әрбір құрылысты бақылау, қадағалау керек. Мектеп тапшылығы бар аймақтарды ұсыныңыздар. Денсаулық сақтау саласында да нысандар салуға инвестор тартуды қолдаймыз. Бірақ салынатын медициналық нысандар бір типті және бағасы көңілге қонымды болуы тиіс. Тым қыбат құрылысты жоспарлау қажет емес», – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, 2023 жылы жалпы жобалық қуаттылығы 6230 оқушыны қамтитын 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілген. Облыста 33 мектептің құрылысы жүргізілуде, қазіргі таңда 7-еуі тапсырылды. «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. 2024-2026 жылдары облыста 6512 оқушы орын тапшылығын жою, апат алдындағы сонымен бірге үш ауысымды мектептердің және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің мәселесін шешу үшін 13 аудан, қалада 23 мектеп салу керек. Осыған байланысты облыс әкімінің мектеп тапшылығын жою, қосымша құрылыстарды жүргізуде және 300 орынға дейінгі мектептердің құрылысын салуда жекеменшік секторды тарту туралы тапсырмасына сәйкес жұмыстар ақарылған.
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ-ның, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының, жергілікті кәсіпкерлердің және тиісті басқармалардың қатысуымен арнайы жиын өткізілді. Жиында бизнес өкілдеріне құрылыс салу үшін қажетті жер телімдерін алудың заңды тетіктері, коммуналдық инфрақұрылымдарды тарту мәселелері мен жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан әр бала үшін төленетін қаржы көлемдері түсіндірілді. Қазіргі таңда 4 кәсіпкер Арыс қаласы мен Бәйдібек, Келес, Сарыағаш аудандарында мектеп салуға ұсыныс білдірген.
Жиында денсаулық сақтау саласына инвесторлар тарту мәселесі де қаралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің осы бағыттағы есебі тыңдалды. Өңірде 73 медициналық нысанның жобаларын іске асыру мақсатында 2025-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленуде. Аталған 73 нысанды жеке кәсіпкер тарту арқылы жүзеге асыру көзделген. Өңірде денсаулық сақтау нысандарын салуға да инвесторлар тарту жұмысы күшейіп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі.