ТҮРКІСТАН: «Бисұлтан» би ансамблінің шығармашылық кеші өтті

0
714

«Бисұлтан» – өзіндік ерекшелектері мен жетістіктері бар халықтық би ансамблі.


ТҮРКІСТАН: «Бисұлтан» би ансамблінің шығармашылық кеші өтті

Түркістанда «Бисұлтан» би ансамблінің хореографиялық спектаклі қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ахмет Ясауи университетінде еліміздің тәуелсіздік күніне орай «Бисұлтан» би ансамблінің «Терең тарихтан – Жарқын болашаққа» атты хореографиялық спектаклі қойылды.


Іс-шара жақында ғана дүниеден өткен ҚР мәдениет қайраткері, танымал театр және кино актері, әнші, университет түлегі және «Актерлік өнер» мамандығының аға оқытушысы Марат Оразметовтің құрметіне арналды.


«Бисұлтан» – өзіндік ерекшелектері мен жетістіктері бар халықтық би ансамблі. Түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған ансамблдің көркемдік жетекшілері – ҚР үздік хореографтары, ҚР мәдениет қайраткерлері Айболат Орынбай пен Гүлнәзия Тәуекелова.


Хореографиялық спектакль қазақтың қилы тағдырын, қуанышы мен жұбанышын, тәуелсіздіктің ақ таңы жолында қаза болған ұлт жанашырларын, ғасырлар қойнауында жатқан төл тарих жолын бейнеледі. Мың бұралған бишілер терең тарихтан – жарқын болашаққа дейінгі әр кезеңді, сол сәттегі қазақ болмысы мен мінезін көркем түрде жеткізе білді.


Жиылған көпшілік көрерменнің көзіне жас келіп, қазақтың тарихындағы қуанышы мен қайғысы қатар жүрген күндерді жүрекпен сезініп, ерекше күйге бөленді.


Қойылым соңында университет ректоры Жанар Темірбекова ел тарихынан сыр шерткен туынды үшін өнерпаздар мен олардың көркемдік жетекшілеріне ризашылығын білдірді.


Сондай-ақ, Түркістан қалалық мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Лиза Төлегенқызы да би өнерінің құдіреті мен бишілердің еңбегі жөнінде ойын жеткізіп, керемет кеш сыйлаған «Бисұлтан» би ансамбліне алғысын білдірді.


Спектакль соңында дәл осы қойылымды дыбыстаған Марат Оразметов рухына бас иген көрермен қауым қошеметін аямады. Мәдениет сарайының әр бұрышы мен киелі сахнасынан ескен Марат Оразымбетовтің әуелеген үні жүректерді елжіретті. «Түркістаным-Тұраным» деп әндеткенде тікесінен тік тұрып, ду қол шапалақтаған тыңдарманының санасында да әріптесіміздің есімі қайта жаңғырды.


Айта кетейік, «Бисұлтан» би ансамблінің шығармашылық қойылымы Қазақстандағы «Хореография» мамандығының студенттері арасындағы бірегей авторлық жоба болып саналады.