Балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі сапалы өткізу – басты назарда.
Биыл Түркістан облысында 40 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістан облысында 40 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады. Оның ішінде әлеуметтік жағдайына байланысты 23 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін барады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3 390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. 2023 жылы 1050 бала республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде сауықтырылады. Бала қауіпсіздігі – басты талап. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы баяндалды.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының баяндауынша, қала сыртындағы лагерлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын 330 лагерь ашылады. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 110 мыңға жуық бала көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығынның жұмысына қатысатын болады. Облыста биылғы 2022-2023 оқу жылында 17 жазғы сауықтыру лагерлері (7 мемлекеттік, 10 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.
Облыста орналасқан қала сыртындағы мемлекеттік жазғы сауықтыру лагерлері соңғы 10 жылдан астам уақыт жөндеу жұмыстарынан өткізілмеген. Отырыста олардың жай-күйі таныстырылды. Талапқа сай келмейтін демалыс аймақтарын ретке келтіруге облыстық бюджет есебінен тиісті қаржы қарау ұсынылды. Сонымен бірге таулы аймақтарда орналасқан мемлекет меншігіндегі жазғы сауықтыру орталықтарын ретке келтіру бойынша ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімі мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді, жазғы сауықтыру лагерлерін санитарлық талапқа сәйкес келтіруді және кемшіліктерді жою бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Жауаптыларға балаларды жазғы сауықтырумен және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын қатаң бақылауға алуды жүктеді.
«Жазғы сауықтыру лагерлерінде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтау, сондай-ақ, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша шараларды арттыру керек. Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларды сауықтырумен, жазғы демалыспен барынша қамтуды қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмысқа ірі кәсіпорындарды, бизнес өкілдерін тартқан жөн. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз. Осыған орай, барлық лагерлерге полиция қызметкерлерін бекітіп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын қатаң жүргізуді тапсырамын. Мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлерінде қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, жазғы сауықтыру лагерлерін санитарлық талапқа сәйкес келтіру қажет»,– деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жазғы демалыс кезіңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда.
Оқушыларды тасымалдайтын автобустарға міндетті түрде патрульдік полицияның арнайы автокөліктерімен ілесіп жүру жүзеге асырылады. Балаларды полициясыз тасымалдауға тыйым салынады. Оқушылардың жазғы демалыс кезінде полиция қызметкерлері олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын.
Түркістан облысы Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаевтың мәлімдеуінше, автобустардың техникалық жағдайы толық тексерілуі тиіс. «Абайлаңыз, балалар!» тақтайшасы алдынғы және артқы жақтарында, көліктін доңғалақтары және техникалық жағдайы талапқа сай болуы қажет. Автобуста қаралған орындықтардан артық балаларды отырғызуға болмайды және де қосымша жүргізуші міндетті түрде болуы тиіс. Балалардың жазғы демалу кезеңінде полиция қызметкерлері лагерлерге бекітіліп, қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін лагерь аумағында тәулік бойы кезекшілікке түседі.