ТҮРКІСТАН: Дәрігерлер вирус жұқтырған 11 күндік шақалақты ота жасап аман алып қалды

0
971

Операцияны арнайы ота залында емес, дәл жансақтау бөлімінде жүргізген.


ТҮРКІСТАН: Дәрігерлер вирус жұқтырған 11 күндік шақалақты ота жасап аман алып қалды

11 күндік сәби Түркістан облыстық балалар ауруханасына Сайрам ауданынан ауыр халде жеткізілген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облыстық балалар ауруханасына Сайрам ауданынан туғанына небәрі 11 күн болған сәби ауыр халде жеткізілген. Медициналық жедел-жәрдем қызметімен жеткен шақалақтың дене қызуы көтеріліп, ентігу белгілері болғаннан соң, ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылады.

Жүргізілген диагностикалық зерттеулердің нәтижелері бойынша нәрестеден туа біткен жүрек ақауы белгілері анықталған. Жүрек қалқасының тарылуынан бала өміріне қауіп болды, дейді дәрігерлер. Оған қоса жаңа туған сәбидің пневмония мен коронавирус инфекциясына шалдыққаны анықталған. Облыстық балалар ауруханасының кардиохирургы Алмат Байсалов жетекшілік еткен білікті дәрігерлер құрамы аса маңызды шешім қабылдап, шұғыл түрде ота жасауға бел буады. Екі сағатқа созылған операция сәтті өтіп, бала аман қалды. Отадан кейін бала бойына бірден қан жүріп, қан қысымы реттелген.

Сондай-ақ, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін дәрігерлер операцияны арнайы ота залында емес, дәл жансақтау бөлімінде жүргізген. Сәби әлі де сол жерде ем қабылдауда. Оған жеке дәрігер, жеке медбике бекітілген. Бала өмірін арашалап қалған кардиохируг-дәрігерлер Алмат Байсалов пен Алмаз Аширов және анестезиолог Ақжол Абдраимов, реаниматолог-дәрігерлер Ғабитжан Исмаилов пен Ерлан Рахымовқа ата - аналары шексіз алғыстарын білдіруде.