Өнерпаздар көрерменді ананы құрметтеу, махаббатты аялай білуге шақырды.
Шымкент қаласында «Jana lep» өнер ұжымы «Көктемдегі кездесу» музыкалық-поэтикалық қойылымын сахналады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласында «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің «Jana lep» өнер ұжымы «Көктемдегі кездесу» музыкалық-поэтикалық қойылымын сахналады. Спектакльді облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев және зиялы қауым өкілдері тамашалады.
Шабыт пен сезімге толы бұл қойылымда қазақ поэзиясының классиктері мен қазіргі жас ақындардың өлеңдері алма-кезек оқылды. Сонымен қатар қазақ әнінің «алтын ғасырын» жасаған композиторлар мен бүгінгі жас композиторлардың әндері шырқалып, композициялық қойылым режиссерлік және хореографиялық шешімдер арқылы өрнектеле түсті. Өнерпаздар көрерменді ананы құрметтеу, махаббатты аялай білуге шақырды.
Қоюшы режиссері – Фархад Молдағали, саунд-дизайнер – Серікжан Атқали, инсценировка – Арайлым Мұраталиева, хормейстер – Ұлжан Амангелді, костюм бойынша суретші – Гаухар Ғалымжанқызы, көркемдік жетекші – Сержан Молдасанұлы.
Айта кетейік, көктемгі мерекелік іс-шарада аталған қойылымның алғашқы нұсқасы көпшілік назарына ұсынылған болатын. Одан соң премьерасы өткізіліп, көрерменнің жүрегінен орын ала білді. Үлкен аудиторияға таныстырылған бұл туынды Шымкент қаласынан бөлек, алдағы уақытта аудан, қалаларда сахналанбақ.