Тұрғындар тарапынан өтініш түскен.
Келес ауданындағы апатты көпір қалпына келтірілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Келес ауданындағы Ошақты ауылдық округі, Саңырау елді мекеніндегі апатты көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу керек екендігі жайында тұрғындар тарапынан өтініш түскен болатын.
Тұрғындардың мәліметінше, жауын-шашын салдарынан көпір тіреуіштерінің айналасы опырылып, қауіпті жағдайға жеткен. Мәселені қолға алу мақсатында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев шұғыл түрде апатты көпірді қалпына келтіруге тапсырма берді. Нәтижесінде аталған көпірге Келес аудандық «Келес қызмет» КММ-нің арнайы техникалары жұмылдырылып, ауыл тұрғындарының атсалысуымен көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Аудан басшысы дербес бөлім басшыларымен бірге Ошақты ауылдық округінің елді мекендерін аралап, түйіткілді мәселелерді көрген болатын. Саңырау елді мекеніндегі көпірдің жағдайын көрген Жәнібек Есенұлы апатты көпірді қайта қалпына келтіруге тапсырма беріп, бақылауға алды. Соның нәтижесінде қажетті техникалар жұмылдырылып, көпір қалпына келтірілді», - деді Ошақты ауылдық округінің әкімі Нұрмаханбет Нархозиев.
Еске сала кетсек, аудан әкімі Ошақты ауылдық округін аралау барысында 10-ға жуық мәселені көтеріп, шешу бағытында іс-шара жоспарын бекіткен болатын. Оның ішінде елді мекендерді көгалдандыру, көпірлерге қорғау шарбақтарын орнату, тұрғындарға кезекпен жер телімдерін үлестіру мақсатында қажетті шараларды атқару жұмыстары бар. Сондай-ақ, аудандағы Атақоныс және С.Саттаров ауылдарында егілген ағаштарды көгерту сынды мәселелер аудан әкімінің бақылауында.