ТҮРКІСТАН: Келестік оқушылар қоқыс жинайтын робот құрастырды

0
968

Жас зерттеушілер болашақта компьютерлік IT технологияларды меңгеру, программист мамандығын меңгергісі келеді.


ТҮРКІСТАН: Келестік оқушылар қоқыс жинайтын робот құрастырды

Келес ауданының 9-сынып оқушылары қоқыс жинайтын робот құрастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Келес ауданындағы №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп гимназияның 9-сынып оқушылары Шалдыбаева Ұлмекен мен Аманбай Нұрсила қоқыс жинайтын робот құрастырды. Жас зерттеушілердің «Қоқыс жинайтын робот» тақырыбындағы зерттеу жұмысын жазу барысында оқушылар бұл саланың өзекті мәселелерін терең зерттеген.


Олардың осы тақырыптағы ғылыми ізденісі «Оқушылардың аудандық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар» конкурсында жоғары бағаланды. Қыздардың ғылыми жетекшісі Аягөз Жораевнаның айтуы бойынша, ғылыми жобаның мақсаты - робот техникасының негіздерін, қолдану салаларын, олардың түрлерін, мүмкіндіктерін зерттеу.


«Бүгінде роботтар - қарқынды дамып келе жатқан болашақтың жоғарғы технологияларының бірі. Олар өміріміздің көптеген саласына, атап айтқанда, ғарышты игеру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да салаларға еніп үлгерді, әсіресе өндіріс орындарында көбірек пайдаланылады. Оқушылар жеке тәжірибе арқылы роботтың жұмыс жасау принциптерін бақылады. Жас зерттеушілер бұл жобамен бірнеше жылдан бері айналысып келеді»,- дейді информатика пәнінің мұғалімі.


Жастардың жүргізген сауалнамасы бойынша көптеген балалар Lego конструкторымен ойнағанды ұнатады. Жас зерттеушілер болашақта компьютерлік IT технологияларды меңгеру, программист мамандығын меңгергісі келеді.