ТҮРКІСТАН: Кентаудағы колледждің маңызды бір мәселесі шешілді

0
467

Колледж тарихында алғаш рет іске асып отырған бұл жаңалыққа студенттер дән риза.


ТҮРКІСТАН: Кентаудағы колледждің маңызды бір мәселесі шешілді

Кентаудағы орта оқу орнындағы мәселе шешімін тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жаңа оқу жылын Кентау қаласындағы Арнаулы кәсіптік колледжінің студенттері қуанышпен қарсы алды. Оқу ғимаратында ерекше оқушылардың жүріп-тұруына ыңғайлы жеделсаты іске қосылды.


Мерекелік шараға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова қатысып, колледж студенттері мен ұстаздарын білім күнімен құттықтады. Оқу орынның басшысы Роза Аяпбергенова қонақтарды колледж тынысымен және алдағы жоспарларымен таныстырды.


Колледж тарихында алғаш рет іске асып отырған бұл жаңалыққа студенттер дән риза. Бұған дейін оқуға құштар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар қоларбаларын бірінші қабатқа тастап, жоғарыдағы дәрісханаларға сатымен көтеріліп әуреге түсетін. Енді «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауының арқасында 15-35 жас аралығындағы тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алу жолындағы тауқыметі жеңілдейді.


Айта кетейік, бұл игі іс «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігінің қамқоршылық кеңесінің оң шешіміне ие болу нәтижесінде жүзеге асырылды.


Қазақстандағы жалғыз мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған білім беру мекемесіндегі жылдар бойы көтеріліп келген мәселенің оң шешімін табуы колледж ұжымы үшін де, ата-аналар үшін де қуанышты жағдайға айналып отыр.