Қолданбалы қолөнерін ұзақ жыл зерттеген біртуар тұлға.
Түркістанда Халел Арғынбаевтың 100 жылдығына арналған танымдық жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістанда атақты этнограф, қазақ этнографиясының негізін салушылардың бірі, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаевтың 100 жылдығына орай танымдық жиын өтті.
«Арғынбаев және қазақ этнологиясының мәселелері» атты жастар арасындағы ғылыми-теориялық конференцияны «Ұлы дала елі» орталығының директоры Гүлжанат Дюсенбаева ашып беріп, шараның маңыздылығына тоқталды. Ал содан соң сөз алған Халықаралық туризм және меймандостық университетінің т.ғ.к, доцент, этногроф Ербол Абдраманов этнология ғылымын кеңінен тарқатып берді.
«Ұлы дала елі» орталығы ұйымдастырған жиынға облыс орталығындағы колледж студенттері қатысты. Болашақ ғалымдар біртуар тұлғаның өмірі мен қызметтік жылдары туралы, қазақ этнографиясына қосқан үлесі жайлы, сонымен қатар этнографиялық зерттеулері мен осы саладағы мәселелер туралы баяндама қорғады. Арғынбаев Қазақстандағы этнография ғылымының негізін салған академик Әлікей Марғұланның ғылым мектебі дәстүрін дамытты. Ол қазақ халқының дәстүрлі отбасы, неке туралы, жалпы қазақ халқының тұрмысына қатысты көптеген ғылыми еңбектер жазған. Қолданбалы қолөнерін ұзақ жыл зерттеген біртуар тұлға.
Этнология ғылымының болашақ майталманы 1924 жылы қыркүйек айында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынын білімге, ғылымға құмарлығымен танылған. Құйма құлақ, естіген есте сақтайтын, зейінді болған. Ол екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер. Кейін ҚазПИ және ҚазҰУ де тарих мамандығы бойынша білім алады. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған ол көп кешікпей ғылым жолына түседі. Қазақ халқының тарихи этнографиясы саласында 200-ден астам ғылыми еңбек пен монографиялар жазған. 1959-1976 жылдары Қазақстанның бірқатар өңірінде арнайы ұйымдастырылған этнографиялық экспедицияларды басқарды. Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи-этнография атласын жасауға ат салысты.