ТҮРКІСТАН: ХҚТУ-да академиктің еңбегі насихатталды

0
394

Басқосуда жиналған қауым академиктің ғылым мен білім дамуы жолында жасаған еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерін айтып, еске алды.


ТҮРКІСТАН: ХҚТУ-да академиктің еңбегі насихатталды

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Серік Пірәлиев атындағы конференция залының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, аталған оқу ордасында 2003-2007 жылдары ректор қызметін атқарған ардақты ұстаз Серік Пірәлиев атындағы конференция залының ашылу салтанаты өтті.


Саналы ғұмырын білім жолына арнаған қайраткердің құрметіне аталған конференция залының ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және өзге де Түркістан облысының ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ЖОО-ның ректорлары, университет ұжымы, Серік Жайлауұлының отбасы және туған-туыстары қатысты.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өз кезегінде игі іске мұрындық болған университет басшылығы мен ұжымына облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан алғыс білдірді.


"Қазақ ғылымына елеулі үлес қосып, білім саласында басшылық лауазымды абыройлы атқарған Серік Пірәлиевтің Түркістан үшін де сіңірген еңбегі мол. Түркістанның рухани жауһары, мақтанышына айналған Ясауи университетіне басшылық жасап,оқу орынның халықаралық аренадағы беделінің арта түсуіне айрықша еңбек етті", – деді.


Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова басқосуға арнайы алыс-жақыннан келген барша қонаққа алғыс білдірді. Басқосуда жиналған қауым академиктің ғылым мен білім дамуы жолында жасаған еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерін айтып, еске алды. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да оның жастарға, өзіне көрсеткен ұстаздық қолдауымен, ортақ естеліктерімен бөлісті. Сөз кезегін алған Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов Серік Жайлауының оқу ордаға алғаш ректорлық қызметке келген сәтінен үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірген тәлім-тәрбиесі туралы баяндады. Университеттің ректор Өкілі Пеями Баттал академиктің атқарған тың істерін атап өтті.


Құлбек Ергөбек бастаған бір топ әріптесі мен шәкірттері де тұлғаның ерен еңбектерін, жылы естеліктерін айтты. Осылайша басқосуда профессор, академиктің рухына тағзым етілді. Басқосу соңында академиктің асыл жары София Арғынқызы өзінің және ұл-қыздарының атынан жиналған көпшілік пен оқу орда басшылығына ризашылығын білдірді. Ал университет атынан арнайы сый-сияпаттар мен гүл шоқтары табыс етілді.