ТҮРКІСТАН: Кітап оқу байқауының жеңімпаздары марапатталды

0
423

Жалпы жоба апталық, айлық, жылдық кезеңдерден тұрады.


ТҮРКІСТАН: Кітап оқу байқауының жеңімпаздары марапатталды

Түркістан қаласында «KitapХАН» кітап оқыту әдісінің жылдық қорытындысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында оқу-ағарту саласындағы «KitapХАН» кітап оқыту әдісінің жылдық қорытындысы өтті. Шараға Түркістан облысы білім басқармасының басшы міндетін атқарушы Жандос Маханбетов қатысып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.


«Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» ұлттық жобасы аясында білім беру ұйымдарының кітап қоры толығып, білім алушылардың кітап оқу мен кітапты таңдау мүмкіндігінің аясы кеңейгені байқалып отыр. Республикадағы әр білім беру ұйымын оқуға құштар мектепке баули отырып, алдағы уақытта кітап оқу дағдысы бұқаралық сипатқа айналады деп сенеміз”, – деді ол.


Жалпы жоба апталық, айлық, жылдық кезеңдерден тұрады. Әр аптаның жеңімпаздары айлық сайысқа шығады. Ал айлық жеңімпаздар жылдық финалға шығып, нәтижесінде «KitapХАН» жеңімпазы атанады. Облыс бойынша кітап оқу сайысына жалпы 1000 мектеп ішінен 80 мың мұғалім, жарты миллион оқушы қатысып, соның ішінде ақтық мәреге 21 үміткер жолдама ұтып алды. Бүгінгі финалдық кезеңде іріктеуден өткен қатысушылар белгілі ақын-жазушылардың еңбектерінен үзінді оқып, қоғамда кітап оқудың маңыздылығына ерекше мән берді. Сондай-ақ өздері оқыған кітабын 7 минутта қорғап, нәтижесін бөлісті.


Байқауда басшылық құрам арасынан Төлеби ауданы, Қ.Сатпаев атындағы жалпы білім беру мектебінің директоры Лаззат Сандыбаева «KitapХАН» жеңімпазы атанса, ал ұстаздар арасынан Арыс қаласы, Жиделі жалпы білім беру мектебінің физика пәнінің мұғалімі Нұрсұлу Алышева жеңіп алды. Сондай-ақ оқушылар арасынан Отырар ауданындағы С.Әшірбеков атындағы жалпы білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Таңшолпан Қалдыбай жеңімпаз атанды.


Финалға шыққан барлық үміткерге «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының» демеушілігімен құнды, бағалы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына 8 велосипед, 5 мектеп директоры мен 8 мектеп мұғаліміне 13 теледидар тарту етілді. Одан бөлек белсенділік танытқаны үшін бірқатар жандарға «Құрмет» грамотасы табысталды.


Аталған шараны Түркістан облысының Білім басқармасына қарасты «Білім беруді дамыту орталығы» ұйымдастырып отыр. Орталық басшысы Бақытжан Төлімбеттің айуынша «KitapХАН» жобасына «Болат Өтемұратов» қоры, жергілікті кәсіподақ ұйымы, «Stepp&World баспасы», Kitap.kz серіктестері қолдау көрсетуде. Негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының басшылық құрамы мен педагогтары, оқушылар (колледж студенттер) және ата-аналардың отандық, әлемдік әдебиеттермен таныс болуына ықпал етіп, оқу мәдениетін қалыптастыру, шығармашыл әлеуетін көтеру, елдік, патриоттық, адамгершілік пен ізгілік қасиеттерді қалыптастыру.

«Айта кетейік, Түркістан облысы білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен оқушыларға арналған «КitapХАН» кітап оқыту әдісі ҚР Әділет министрлігінде ресми тіркелген. Мемлекет басшысының білімді ұрпақ тәрбиелеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылдың қазан айынан бері үш жыл бойы жүйелі жүргізіліп келеді. Осы әдіспен үш жыл ішінде 10 мыңға жуық педагог пен оқушылар қатысқан.