ТҮРКІСТАН: Кітапқа құштар жандар анықталды

0
805

Финалға шыққан 12 үміткерге «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» демеушілігімен құнды, бағалы сыйлықтар табысталды.


ТҮРКІСТАН: Кітапқа құштар жандар анықталды

Түркістандағы «Фараб» әмбебап кітапханасында «KitapХАН@» облыстық жобасының финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы «Фараб» әмбебап кітапханасында «KitapХАН@» облыстық жобасының ІІ айналымының финалдық кезеңі өтті. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының қолдауымен, «Білім беруді дамыту орталығы» КММ директоры Бақытжан Төлімбеттің тікелей бастамасымен өткен «KitapХАН@» кітап оқу жарысы «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» республикалық ұлттық жоба аясында ұйымдастырылды.


Мақсат – әр мектепті оқуға құштар ұйымға айналдыру, білім беру ұйымдарының ұстаздары, колледж оқытушылары және ата-аналардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, шығармашыл әлеуетін арттыру.


Аталған іс-шараға Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары Ардақ Садықова қатысты. Сондай-ақ атаулы шараға қонаққа арнайы «Steppe&World» баспасының директоры Раиса Сайранқызы, «Мазмұндама» баспасының өкілі Теңіз Жұмабекұлы, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Болатұлы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Сейітман келді.


Финалдық кезеңде қатысушылар белгілі ақын-жазушылардың еңбектерінен үзінді оқып, қоғамда кітап оқудың маңыздылығына ерекше мән берді. Ақтық мәреге Түркістан облысы бойынша 8 педагог, 4 оқушы іріктеуден өтті. Байқауға қатысушылар өздері оқыған кітаптарын 7 минутта қорғап, нәтижесін оқырманға жеткізді.


Жылдық қорытынды байқауда ұстаздар арасынан Мақтаарал ауданы, №14 колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әлім Бексұлтан «Жыл жеңімпазы – 2023» атанса, оқушылар арасынан Шардара ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қыдырбек Алина жеңімпаз атанды.


«Зерек оқырман», «Кітапқұмар оқырман», «Ұшқыр ойлы оқырман», «Зейін оқырман», «Оқуға құштар оқырман», «Рухани бай оқырман» атты номинациялармен марапатталды. Финалға шыққан 12 үміткерге «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» демеушілігімен құнды, бағалы сыйлықтар табысталды.


Мемлекет басшысының білімді ұрпақ тәрбиелеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан обылысында 2021 жылдан бастап «KitapХАН@» кітап оқу жобасы бастау алды. Жоба облыстың білім беру ұйымдарының ұстаздары, оқушылары және ата-аналар қауымының кітап оқу мәдениетін терең қалыптастыру, шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында жүргізіліп келеді.


«KitapХАН@» жобасына «Болат Өтемұратов» қоры, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры, «Мазмұндама», «Steppe and world» баспа үйлері қолдау көрсетуде.