Көктемгі шақыру мерзімінде 2210 азамат әскерге барған.
Түркістан облысынан күзде 2 мыңнан астам сарбаз әскерге аттанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысына 2023 жылдың көктемгі шақыру мерзімінде 2210 сарбаз әскерге аттанды. Қыркүйек айынан бастап тағы 2 мыңнан астам шақырылушы өз борышын өтеуге жолданады.
Осыған орай, бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Бейсен Тәжібаевтың қатысуымен мәжіліс өткізіліп, талқылау жүргізілді.
Жиынға ҚР ІІМ Түркістан облысы полиция департаменті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы, барлық аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Алдымен Бейсен Дәулетұлы жаңадан құрылған Түркістан облысының «Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқарма басшысы Санжар Бүрлібаевты таныстырып, жауапты міндет жүктеліп отырғанын айтты. Күн тәртібінде көктемгі науқанның қорытындысы мен күзгі маусымға дайындық барысы туралы мәселелер қаралды.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті әскерге шақыру басқармасы бастығының орынбасары – шақыру басқармасы басшысы Әлімжан Оспанов атқарылған жұмыстар мен жоспарлар жайлы баяндады.
"Түркістан облысында 32 мыңнан аса азамат әскери шақырылуға жатады. Бұл тек күзгі шақырудың көрсеткіші. Оның ішінде 12 мыңнан астамы зерделенуі керек болатын. Бүгінде 540-қа жуығы зерделеуден өтіп, 300-дей азамат іріктелді. Қазіргі таңда жеке істері жинақталуда. Биыл күзгі науқанда облысқа берілген шақырылушылар саны – 2 мыңнан асады. Былтыр бұл шаралар артығымен 103,3 пайызға орындалды. Атап айтқанда, ҚР Қарулы Күштеріне – 930 адам, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне – 343, Мемлекеттік Күзет қызметінің талабына сай – 12 азамат, Ұлттық ұланға – 895, Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасына сәйкес – 30 шақырылушы жіберілді. Жастарды әскерге шақыру бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, Түркістан облысының аудан, қалаларында билбордтар мен баннерлер дайындалуда. Жоспарға сәйкес, 5 қыркүйектен бастап ҚР ҰҚҚ ШҚ алғашқы әскери командасы жөнелтіледі. Шекара қызметіне топтарды жіберу шараларына 25 күн уақыт беріледі", - деді Ә.Оспанов.
Облыс әкімінің орынбасары әскерге шақыру комиссия мүшелері бекітілген кестеге сай арнайы отырысқа қатыспауының салдарынан орын алған кемшіліктерге тоқталды. Шақырылушыларды әскери қызметтен босату және денсаулық жағдайы бойынша кейінге қалдыру сұрақтары сапасыз орындалғанын атап өтіп, Бәйдібек, Ордабасы және Төлеби аудандарында қарқын баяу екенін ескертті.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шақыру комиссияларында, дәрігер-мамандарында ақпараттық жүйелерге қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары төмен дәрежеде атқарылуда. Тек Түркістан қаласы мен Сауран ауданы аталған ақпараттық жүйеге қосылған.
Полиция департаменті тарапынан әкімшілік-құқық бұзушылыққа жол бермеудің алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілуі керектігін айтты.
Күзгі шақыру науқанын талапқа сай өткізілуі мен қадағалануын тапсырып, мәжілісті қорытындылады.