ТҮРКІСТАН: Мақта шаруашылығын дамыту жолдары пысықталды

0
398

106,4 мың гектар жерге мақта егілді.


ТҮРКІСТАН: Мақта шаруашылығын дамыту жолдары пысықталды

Түркістан облысында 300 мың тонна мақта жинау жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түркістан облысында 106,4 мың гектар жерге мақта егілді. Алдын ала болжам бойынша 300 мың тонна мақта жинау жоспарланып отыр. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы мақта шаруашылығына жаңа технологияларды, әдістерді енгізу жұмыстарын күшейту керектігін айтты.


“Мақта өсірілетін аудан әкімдері жиын-терім науқанына қолдау көрсетіп, шаруалармен тығыз байланыста жұмыс істеулері тиіс. Мақта шаруашылығына тамшылатып суғару технологиясын кеңінен енгізіңіздер. Бұл бағытта жұмыс әлі де төмен деңгейде. Жаңа тәсілдерді қолданып, мақтаның өнімділігін арттырып, сапасын жақсарту аса маңызды. Сонда ғана шаруалардың жағдайы жақсарып, мақта кластері дамиды”, – деген Дархан Сатыбалды аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар берді.


Облыстық ауыл аруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жиын-терім науқанына дайындық жүріп жатыр. Мақта қабылдау зауыттары мен арнайы орындарының жұмысы да жүйелене түседі.


Айта кетейік, Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін дәлелдеді. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.


Қазақстандық мақта талшығының сапасы төмен болуына байланысты әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта - тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады деп күтіліп отыр.


Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші. Бұл агросалаға серпін беріп, өнім көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста мақтаны терең өңдейтін көпсалалы кешендер мен кәсіпорындары құрылып, дайын өнімді экспортқа шығару жоспарлануда. Оған қоса жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіру көзделген.