Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін инвесторларды көптеп тарту мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Мақтаарал ауданында электр қуаты тапшылығын шешу мақсатында күн электростанциясы салынатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Жыл басынан бері аудандағы негізгі капиталға тартылатын бюджеттік емес инвестиция көлемі 10 млрд 543 млн теңгені құраса, оның 2 млрд 550 млн теңгесі бюджеттік емес инвестиция.
Ауданға инвесторларды көптеп тарту мақсатында арнайы жұмысшы тобы да құрылған. Аталмыш жұмысшы топтың міндеті – негізінен ауданға шет елден келетін инвесторларға жоғары деңгейде жағдай жасап, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу, аудан кәсіпкерлерімен кездесулер өткізіп, түйіткілді мәселелерді шешу болып табылады.
«Бүгінде аудандағы электр қуатының тапшылығы мен бағасының қымбаттығы көптеген жобаларды жүзеге асыруға кедергісін келтіруде. Аудан әкімдігі тарапынан осы мәселелерді шешу үшін баламалы энергияны дамыту мақсатында ауданда күн энергиясынан электр жарығын өндіруге шет ел инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 4,9 МВт құрайтын күн сәулесінен және басқа да баламалы энергия көздерінен бір электростанциясының құрылысына 1,5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылуда», - дейді Мақтаарал аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанат Әбдірахманов.
Сонымен қатар, аудандағы индустриялды аймақ жанынан қуаттылығы 5 МВт құрайтын күн және газотурбиналық гибридтік электростанциясын салуға инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Жобаны іске асырушы «Инженерная арена» компаниясына 10 гектар жер бөлініп, жерді тегістеу және сыртқы қоршау жұмыстары жүргізілуде.