ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы маңызды мәселелер талқыланды

0
387

Ел бірлігін нығайту, этносаралық келісімді сақтау жөнінде ой қозғалды.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы маңызды мәселелер талқыланды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданда жүргізіліп жатқан маңызды нысандардың құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданда жүргізіліп жатқан маңызды нысандардың құрылыс барысымен танысты. Іссапар барысында «Жастар» ресурстық орталығында Мақтаарал ауданындағы этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары жетекшілері, қоғам белсенділерімен кездесті. Мақтаарал ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бейсенбай Төребеков аудандағы жалпы ахуалды, этнос өкілдерінің жұмыс барысын таныстырды. Сұрақ-жауап форматында еркін әңгіме өрбітіліп, қатысушылар пікір алмасты. Ел бірлігін нығайту, этносаралық келісімді сақтау жөнінде ой қозғалды.


«Өңіріміздің дамуы мен экономикалық өсімі қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен достық, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Қоғамда әділдікті, еңбекті дәріптеу, жастарға қолдау көрсету маңызды. Ол үшін балаларды дұрыс бағытқа бағыттап, сапалы білім беруге баса мән беру керек. Жұмыс күші де жетіспейді. Бос жүрген жастарды, жұмыссыз азаматтарды тартқан жөн. «Жастар практикасы» бар, «Серпін» бағдарламасымен оқу, әскерге шақыру жұмыстары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Сондай-ақ NEET санатындағы жастарды колледжге оқыту мәселесі де өзекті. Биыл жаңа оқу жылына 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс беріп отырмыз. Жастар грантта оқи алады. Халық ақпараттануы керек. Ел татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету – басты қағидатымыздың бірі. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы азаматтарымыздың экономикалық-әлеуметтік әл-ауқатын арттыра аламыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.


Бұдан соң Мақтаарал, Жетісай аудандарының құқық қорғау органдары өкілдерімен, басшыларымен кездесіп, ең бірінші шешімін табу қажет мәселелерді талқылады.


Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарының соңында А.Пушкин атындағы жалпы білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл мектеп 1967 жылы 536 оқушыға арналып салынған. Қазіргі таңда 1-11 сыныптар аралығында екі ауысымда 801 оқушы білім алуда. Мектеп ғимаратына 1967 жылдан бері кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мектеп ғимараты екі қабатты екі бөлімнен тұрады. Биыл 10 мамырда күрделі жөндеу жұмысы басталды. Содан соң М.Тұрсын-заде атындағы жалпы білім беретін мектепке соғып, жалпы жай-күйімен танысты.