ТҮРКІСТАН: Медицина өкілдерінің халықаралық конференциясы өтті

0
973

Емдеу саласындағы тың жаңалықтарды жариялады.


ТҮРКІСТАН: Медицина өкілдерінің халықаралық конференциясы өтті

Түркістанда халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының 155 жылдық мерейтойына арналған «Ғасырлық дәстүрлер мен жаңа технологиялар – пациенттердің денсаулығы мен сеніміне апаратын жол» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Конференцияның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев көпшілікті құттықтады.


"Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының 155 жылдық мерекесіне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қош келдіңіздер! Бұл аурухананың тарихы тереңде. 1868 жылы Шымкент қаласында әскери бөлім жанындағы шағын емхана ашылып, 1947 жылы облыстық ауруханаға айналды. Қазір 800 төсек-орындық ауруханада 1700-ден астам қызметкер бар. Олар Түркістан облысының тұрғындарына амбулаториялық және стационарлық медициналық көмек көрсетуде. Мұнда білікті дәрігерлеріміз жыл сайын 34 мыңдай пациентті стационарлық емдесе, оның ішінде 17 мыңдай науқасқа ота жасалады. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен медицина саласына тұрақты қолдау көрсетілуде. Облыс бойынша 25 мың дәрігер және осы сала өкілі ел денсаулығын түзеу жолында еңбектенуде. Соңғы жылдары облысымызда түрлі аурулардан болатын өлім-жітім және аурушаңдық төмендеді. Үш жылда облыста ана өлімі 70 пайызға, нәресте өлімі 11 пайызға төмендеді. Ана мен бала аурушаңдығын төмендету мақсатында медициналық ұйымдардың кадрлық әлеуеті, жарақтандыру деңгейі көтерілді. Жалпы медициналық мекемелерге заманауи құрылғылар алынуда. Түркістан облысы бойынша жалпы құны 184,6 млрд. теңге құрайтын 6 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда. Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Сарыағаш және Жетісай аудандық ауруханаларын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді. Өңірде 49 денсаулық сақтау нысаны 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында бой көтереді. Біз медицина саласына қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етіп, биік белестерді бағындыра беріңіздер", – деді Бейсен Тәжібаев.


Түркістан төріндегі конференцияның өткізілу мақсаты – мамандар арасында тәжірибе алмасу, халықтың денсаулығын сақтауға ықпал ететін жаңа медициналық білім мен технологияларды әзірлеу және нақты клиникалық практикаға енгізу. Маңызды жиында білікті дәрігерлер, профессорлар медицинаның түрлі саласы бойынша мазмұнды баяндамалар жасап, мәселелерді талқылады. Емдеу саласындағы тың жаңалықтарды жариялады. Сонымен бірге үздік медицина қызметкерлеріне түрлі марапаттар тапсырылып, құрмет көрсетілді.


Конференцияның екінші күні шетелдік медицина орталықтары өкілдерінің қатысуымен Облыстық клиникалық ауруханасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ғимараттарында хирургиялық және терапиялық бағыттар бойынша мастер-класстар өткізіледі.


Түркістан өңірінде дәрігерлер тапшылығын жою мақсатында жергілікті бюджет есебінен 2023 жылы 60 грант бөлінді және алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант санын 70 пайызға арттыру жоспарлануда. Ауылда жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында 21 жас маманға 1,5 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау көрсетілді.


Келесі жылға ауылдық жерлерде жіберілген жас мамандарға қолдау қаржысы ұлғаяды деп жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар мен Денсаулық сақтау министірлігі бірлесе жұмыс атқарады. Келер жылға білім гранттары жүйеленеді. Әрбір жоғарғы оқу орындарының студенттерімен келісім жасалып, оларды нақты белгілі бір өңірдің қажеттілігіне қарай оқыту жоспарлануда.


Елімізде пандемия кезеңінде облысымыздағы медициналық қызметкерлердің шет елдерде білім жетілдіру мәселесі тұралап қалды. Осы мақсатта биыл 200 млн. теңге көлемінде қаражат қаралды. Осы арқылы медициналық қызметкерлер шет елдерде, атап айтқанда Швейцария, Германия, Франция, Турция, Ресей елдерінде білім жетілдіреді. Аталмыш бастама алдағы жылдары жүйелі түрде ұйымдастырылып, қаржыландыру көлемі артады деп күтіліп отыр.