Туризмнің барлық тармақтары бойынша елеулі өсім бар.
Түркістан облысында былтыр 562,8 мың турист, миллионға жуық біркүндік келуші саяхаттаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы туризм саласы бойынша 2023 жылдың қорытындысын ұсынды. Статистикалық есепке сәйкес Түркістан өңіріне 562,8 мың турист келген (2022 жылы – 470 мың адам). Оның ішінде орналастыру орындарымен қызмет алғандар саны – 272,9 мың (2022 жылы – 253,4 мың). Табиғи аумақтарға келушілер саны – 126,6 мың (2022 жылы – 74,9 мың). Емдік-сауықтыру орындарында демалғандар саны – 163,2 мың (2022 жылы – 142,4 мың). Ал орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 5,58 млрд теңгені құраған (2022 жылы – 5,0 млрд теңге). Біркүндік келушілер саны – 1 миллионға жуық. Оның ішінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне – 676,4 мың. «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне 278,9 мың адам келген. Яғни, туризмнің барлық тармақтары бойынша елеулі өсім бар.
ҚР Туризм және спорт министрі және Ұлттық экономика министрінің бірлескен бұйрығымен туризм саласындағы көрсеткіштерді есептеудің әдіснамасы бекітілген. Әдіснамаға сәйкес туристер саны орналастыру орындарымен (қонақүйлер), емдік-сауықтыру орындарымен (шипажайлармен), сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға (қорықтар мен ұлттық парктер) келушілер санының қосындысымен жүзеге асады.
Еліміздегі туристік қызмет туралы Заңына сәйкес турист – уақытша болатын елге (жерге) жиырма төрт сағаттан бір жылға дейінгі кезеңге келетін және ақылы қызметпен айналыспай, сол елде (жерде) сауықтыру, танымдық, кәсіби-іскерлік, спорттық, діни және өзге де мақсаттарда кемінде бір рет түнейтін жеке тұлға. Заңда эскурсант ұғымы айқындалған. Ол – уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік ресурстарды танымдық мақсатта жиырма төрт сағаттан аспайтын уақытқа барып көретін жеке тұлға. Аталған ұғым жұмыс барысында біркүндік келуші немесе визитер деп аталады. Түркістан облысы бойынша біркүндік келушілер саны өңірде орналасқан қорық-музейлердің (Әзірет-Сұлтан және Отырар) статистикалық деректерінен құрастырылады. Өз кезегінде, қорық-музейлер статистикалық деректерін сатылған билеттер арқылы жүргізеді.
Айта кетейік, Түркістан өңірі – тарихи құндылықтар мен мәдени мұраға бай. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде туризмді дамыту жоспары қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Облыс аумағында 1780 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ 220 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 72 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұдан бөлек облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. Емдік-сауықтыру, тарихи-танымдық және экологиялық туризм бағыттары да қарқынды дамуда.