Жоспар 40 пайызға артық орындалды.
Түркістан облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар тұрақты бақылауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар тұрақты бақылауда. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл ерте пісетін көкөністер 20 мың гектарға жуық алқапқа егілді. Атап айтқанда, 9 мың гектар жерге ерте пісетін картоп, 7,5 мың гектарға қырыққабат, пияз 2 мың гектарға, сәбіз 1,3 мың гектарға орналастырылды. Егіс алқаптарынан 460 мың тоннаға жуық көктемгі өнім жинау жоспарлануда.
Сәуір айында 8 мың тонна қырыққабат жиналды. Жоспар 40 пайызға артық орындалды. Алдағы үш айда 450 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарланған. Нәтижесінде маусымаралық кезеңде республикалық қажеттілік қырыққабат бойынша 95 пайызға қамтамасыз етіледі. Егілген сәбіз, пияз және картоп көлемі де артты.
Түркістан облысында өзге облыстармен ерте пісетін өнімдерге форвардтық келісімшарттар жасалып, 6,5 мың тонна өнімдерді тауар өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды. Маңызды мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспарына сәйкес ағымдағы жылы 860 мың гектар жерге дақылдар егіледі.
Түркістан облысында әртараптандыру арқылы жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасын тапты. Атап айтқанда, көкөніс 2,3 мың гектарға артып 45 мың гектарға егілді, бақша 8,7 мың гектарға артып, 69 мың гектарға егілді. Малазықтық дақылдардың көлемі 6,7 мың гектарға артып, 228 мың гектарға орналастырылды. Сәйкесінше, мақта дақылы 14,4 мың гектарға қысқартылып, 111 мың гектарға егілді. Тұзданған және сорланған алқаптарда тұзға тұрақты жүгері, бұршақты дақылды (маш) егуді қолға алынды. Сонымен бірге биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәндік жүгері, 500 гектарға бұршақты дақыл егілді.
Өнімдерді сақтау қоймаларын арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қаймасы бар. 2023-2025 жылдарға жалпы құны 21 млрд. теңгеге сыйымдылығы 86 мың тонна арналған 15 бірлік заманауи үлгідегі жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 22 мың тоннаға арналған 8 қойма бойынша жобалар биыл жүзеге асырылады.
Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы «1 мың тоннадан басталатын картоп-көкөніс сақтау орындарын салу, кеңейту» жобалары шығынын 25 пайызын өтеуге бюджеттен тиісті қолдаулар көрсетіледі.