Жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынған.
Түркістан облысында жалпы науқан аясында 1 408 ауқымды іс-шара өткізілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі. Осы мәселеге байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшының міндетін атқарушы Нұржас Нұрболат және Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтпаевтың баяндамалары тыңдалды.
Түркістан облысында жалпы науқан аясында 1 408 ауқымды іс-шара өткізілген. Оған 2 156 мемлекеттік орган, 3 204 бизнес өкілі, 74 мыңға жуық тұрғын атсалысқан. Бұл жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы Полиция департаменті құрылымдарымен, облыс аумағын абаттандыру қағидалары мен ортақ пайдалану орындарын ластау фактілерінің анықтау бағытында кешенді шаралар атқаруда. Қызметкерлер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тәртіпсіздікке «Нөлдік төзімділік» қағидатын жүзеге асыруға, азаматтардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға тікелей әсер ететін баптары бойынша 17 270 деректі анықтап, әкімшілік шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, жыл басынан бері Әкімшілік кодексінің 505 бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша 3 736 тұлға анықталып, 3 597 ескерту жасалып, 139 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды Әкімшілік кодексінің 434-2 бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша 10 614 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 146 млн теңге айыппұл салынған. Әкімшілік кодексінің 630 бабы (Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа жол құрлыстарын бүлдіру) бойынша 2 920 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 13 млн теңгеден астам айыппұл салынып отыр. Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысы бойынша экология департаменті тарапынан Қазақстан Республикасы Экология Кодексі талаптарының сақталуына қатысты 115 тексеру жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша 478 экологиялық заң бұзушылықтар анықталып, бұзушылықтардың орындалуына 145 нұсқама берілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы Кодексінің талаптарына сәйкес, 462 жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынған.
Өңірде тазалық, абаттандыру жұмыстары жалғасады. Осы салаларға қатысты заңды бұзғандарға қатысты тәртіптік шаралар да тоқтамайды. Тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына басымдық беріледі.