Түркістан облысында 7 айда 249 жобаға қолдау көрсетілген

0
615

Өткен жылдың қорытындысымен үздік өңір болып танылған.


Түркістан облысында 7 айда 249 жобаға қолдау көрсетілген

Түркістан облысында 141 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасында Түркістан облысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын 300-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсету жоспарын енгізген болатын. Бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің отырысында осы мәселе талқыланды. Отырысқа Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, партия филиалы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Серманизов төрағалық етіп, жүргізіп отырды.


«Биыл 16 сәуірде «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесінің бюро отырысында аймақтық кеңестердің құрамы бекітілді. Соның бірі – Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік кеңес. Алдымызда үлкен міндеттер тұр», – деген кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар қоғам бақылауында екенін жеткізді.


Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысында кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Аймақта 141 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша Түркістан облысы өткен жылдың қорытындысымен үздік өңір болып танылған.


«Бүгін өтіп жатқан қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібіндегі «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының орындалуына тоқталсам, бағдарламаның қаржысы биыл 2,6 есеге артып, 10,5 млрд. теңгеге жетті. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы қортындысы бойынша бағдарлама шеңберінде 249 жобаға қолдау көрсетілді. Осылайша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында межеленген жоспардың (300 кәсіпкерді қолдау) 83%-ы орындалды. Жыл соңына дейін жоспар артығымен орындалады», – деді басқарма басшысы.


Жүзеге асырылған жобалардың біразына тоқталсақ, «Hampton Turkestan», «Silk Way» қонақ үй кешендері ашылған. Өнеркәсіп саласында «Агро V» компаниясының «Керамикалық кірпіш шығаратын жоғары технологиялық зауыты, «GREEN TECHNOLOGY» - ПЭТ қалдықтарын өңдеу зауыты» іске кіріскен. Тамақ өндірісінде балмұздақ және шоколад өндіретін «Балмұздақ» цехы кеңейтілсе, сусындарды, минералды суларды шығаратын «Алекс» компаниясы мен сүт өнімдерін шығаратын «Компания Натур Продукт» кәсіпорнына қолдау көрсетілген. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы бағытында ет өнімдерін экспорттаушы «Nurym Group», ірі қараны өсіру және бордақылаумен айналысатын «Достар-М» мекемелері де мемлекеттік қолдауға ие болған.


Қоғамдық кеңес мүшелері кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мәселелер партия бақылауында болатынын, Жол картасындағы әрбір уәде орындалуы тиіс екенін еске салды. Ұсыныстар беріліп, бірқатар пікірлер назарға алынды.