Түркістан облысында алғаш рет «Үкілі домбыра» байқауы өтті

0
456

Этнос өкілдері арасында өтті.


Түркістан облысында алғаш рет «Үкілі домбыра» байқауы өтті

Түркістан облысында этнос өкілдері арасында алғаш рет «Үкілі домбыра» байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы «Ұлы Дала Елі» орталығында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен этнос өкілдері арасында «Ұлттық домбыра» күні мен Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай тұңғыш рет «Үкілі домбыра» байқауы өтті.


«Дәстүрлі ән орындау», «Күй орындау», «Терме орындау» сынды үш номинацияда өткен өңірлік байқауға қала, аудандардан келген өнерпаздар қатысып, бақ сынады.


Рухани құндылығы мол игі шарада Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов байқаудың мән-маңызына тоқталып, қатысушыларды құттықтады.


«Ұлттық домбыра» күні мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі өткізіліп отырған байқау кешегі Тәттімбет, Құрманғазы аталары мен Дина әжелерінің ізін басар өнерпаздардың тұсауын кеседі деп білемін. Байқауға қатысушы барша өнерпазға сәттілік тілеймін», - деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған шарада өңірлерден келген өнерпаздар бар өнерлерін ортаға салды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей оза шапқан өрендер жүлделі орындарды иеленді.


«Дәстүрлі ән орындау» сынында Мұратжан Атажановтың бағы жанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Дильноза Таджимет еншілесе, үздік үштікті Элина Букаева қорытындылады. «Күй орындау» номинациясында Алина Миркамалова бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды Любовь Печайкина иеленді. Ал, үшінші орын Асуман Пашаға бұйырды. «Терме орындау» кезеңінде жүлделі орындарды Мұратжан Атажанов пен Алина Миркамалова иеленді. Сонымен қатар байқауға қатысқан өзге өнерпаздар мен жетекшілері Алғыс хаттармен марапатталды.


«Барлық өнерпаздарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл байқаудың мақсаты - этнос өкілдерінің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, бірлік пен татулыққа тәрбиелеуге саяды», - деді байқаудың қазылар алқасының төрайымы Эльмира Жанғазиева.


Сондай-ақ қазылар алқасының мүшесі, Мәдениет қайраткері, сазгер-ұстаз Әлімбай Ботақараев байқаудың жоғары деңгейде өткенін айта келе, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.