Жоба бойынша еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырған.
Түркістан облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өткені белгілі. Жоба бойынша еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырғанын атап өтіп, олардың көпшілігі 10 және одан да көп несие алған адамдар екенін айтты.
«Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», деген болатын.
Бүгін еліміздің барлық аймағында «Қарызсыз қоғам» жобасының биылғы оқуы басталуына орай, «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Мәжіліске аймақтық партия филиалдары бейнеконференция байланыс жүйесі арқылы қосылды. Партияның Түркістан облыстық филиалында өткен жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары мен жауапты қызметкерлер, салалық басқармалар мен екінші деңгейлі банк өкілдері қатысты.
«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба шеңберінде 2023 жылы республикамыздың 8 өңірінде 65 мың тұрғын қаржылық сауаттылық курстарында оқып шыққанын партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек мәлімдеді.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселе бойынша «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының үйлестіруші баяндама жасады. Жоба бойынша министрліктер мен ведомство өкілдерінің салалық жұмыстарының барысы, Парламент Мәжілісінің тұрғындарды шектен тыс несие қамытынан қорғаудың заң шығарушылық қызметі жөнінде хабарламалар тыңдалды.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы өңірде жобаны іске асыруда арнайы топ құрылып, оған облыс әкімінің орынбасары жауапты болып бекітілгенін атап өтті. Аймақтық деңгейде аудан, қала әкімінің орынбасарлары жауапты болып белгіленін айтты. Жобаны іске асыруда және ауқымын кеңейтуде Түркістан қаласында 3 ғимарат қарастырылғанын мәлімдеді. Аудан, қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсету ғимараттары белгіленіп, толықтай кеңсе техникаларымен және қажетті жиһаздармен жабдықталғанын жеткізді.
2024 жылы облыста жоспар бойынша 10500 адам қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтетінін жария етті. Өңірге бекітілген алты менеджер мен қаржы сарапшылары Сауран, Келес, Шардара, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандарының тұрғындарын оқытуды іске асырады.
Атап өту керек, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберінде 2023 жылы 12650 адамды қаржылық сауаттылықты арттыру курстарында оқытуы керек болса, жоспар 115,4 пайызға артығымен орындалып, нақты 14600 адам аталған курстарға қамтылып, қаржылық білімін арттырды.