Қалаға келушілер үшін арнайы экскурсия ұйымдастыру барысында жаңа нысандарды қосу жайы айтылды.
Түркістан облысында маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті. Оған жауапты басқарма өкілдері мен тиісті мекеме басшылары қатысып, сәуір-мамыр айларында өтетін іс-шаралар легі талқыланды. Ұйымдастыру жұмыстарына қатысты ұсыныс-пікірлер ортаға тасталды. Қалаға келушілер үшін арнайы экскурсия ұйымдастыру барысында жаңа нысандарды қосу жайы айтылды.
«Түркістан бүгінде тек облыс орталығы ғана емес, тұтас түркі әлемінің назарындағы туристік қалаға айналып үлгерді. Қасиетті шаһарға еліміздің әр өңірінен бөлек, шетелдік туристер де келіп жатыр. Біздің ұлттық құндылығымыз олардың қызығушылығын тудырады. Ұлттық салт-дәстүр мен ән-жырымыз қаланың рухани-мәдени орталығында насихатталып жатуы керек. Сонымен қатар қолөнерімізді көрсету үшін туристік кешеннен арнайы орталық ашуды тапсырамын. Өңірде өтетін іс-шаралардың бәрі мазмұнды әрі мағыналы болуы тиіс», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Биыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осыған орай облыс орталығында 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған. Былтыр қолға алынған ерекше жоба биыл да жалғасады. Нақтырақ айтсақ, биыл да Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күніне орай өткізілетін «Рухани мекенде неке қию» туристік іс-шарасы ұйымдастырылады.
Бүгінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» республикалық семинары, ШЫҰ елдерінің қатысуымен «Алтын Орда және оның мұрасы» атты халықаралық конференциясы, оған қоса жоспарлы шаралар өткізілсе, мамыр айында мерекелік жиындар аталып өтпек.