Түркістан облысында тұмауға қарсы иммундау басталады

0
919

Облыс тұрғындарының 12,2% қамту жоспарланған.


Түркістан облысында тұмауға қарсы иммундау басталады

1 қазанда Түркістан облысында да тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді.


Нұрбек Садықбекұлының айтуынша, облыс бойынша 2023 жылға жергілікті бюджет қаржысынан тұмауға қарсы Ресейде шығарылған «Гриппол+» вакцинасының 248 691 дозасы алынған. Осы ретте тұмауға қарсы егумен облыс тұрғындарының 12,2% қамту жоспарланған.


"Өздеріңізге белгілі күз мезгілі жіті респираторлық вирусты инфекциялар мен тұмау ауруының өрши түсетін кезеңі. Осыған байланысты 1-қазаннан бастап, Республика көлемінде, оның ішінде Түркістан облысында да тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады. Облыс бойынша 2023 жылдың 8 айында ЖРВИ инфекциясы бойынша 102 718 жағдай тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25 есеге өскен. Дегенмен салыстырмалы түрде аурушаңдық эпидемиологиялық бақылау деңгейінен асқан жоқ", - деді департамент басшысы.


Сонымен қатар, брифингке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев облыс бойынша 609 инфекциялық төсек-орын ұйымдастырылғандығын айтты. Оның ішінде 330 ересектерге болса, 279-і балаларға арналған төсек орын.