Өткен жылы 8 мыңға жуық жас тұрақты жұмысқа тұрды. Биыл
Түркістан облысында жастарды қолдаудың жаңа бағыттары жүзеге асады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елімізде жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі 3,1%-ды құраса, ең төменгі көрсеткіштердің бірі Түркістан облысына (2%) тиесілі. Түркістан облысында жастар саны 671 мыңнан асады. Олардың 500 мыңнан астамы ауылда тұрады. Облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 6 мыңнан астам маңызды іс-шара өткізілген. Нәтижесінде өткен жылы 8 мыңға жуық жас тұрақты жұмысқа тұрды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстарға басымдық берілмек.
Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдегі жастар саясаты, жас өскінге қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Ел дамуына үлес қосатын жас ұрпақты білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты әрі бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу бағытындағы қолдау жолдары сараланды. Өңір басшысы жастарды қолдаудың кретивті жолдарын қарастырып, нақты нәтиже беретін бағыттарын жүзеге асыруды тапсырды.
Жиын барысында Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев баяндама жасады. Оның айтуынша, NEET санатындағы жастардың үлесі өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 6,4% - ға төмен (39 205 жас). 2025 жылы 30% - ға төмендету көзделіп отыр. NEET – бұл 16-24 жас аралығындағы жұмыс және оқу орны жоқ заманауи жастар. Олардың үлесін азайту мақсатында 13 мемлекеттік бағдарламаны қамтитын жол карта әзірленген. Өңірде NEET жастарының деректер базасы құрылып, олардың мәселесін шешу жолдары қарастырылды.
Өңірде «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске қосылды. Жастарды жұмыспен қамту және оқыту шаралары белсенді жүргізіліп жатыр. «Серпін-2050» жобасы бойынша еліміздің Солтүстік өңірлердегі 17 жоғары оқу орындарына 2024 жылы 802 түлек грантқа түсті. Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, кәмелет жасына толмаған жастар арасындағы орын алған қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 10 оқиғаға азайған.
– Бұл жұмыстардан нақты нәтиже шығару керек. Жастардың проблемаларына назара аудару, шешу шаралармен шектеліп қалмауы тиіс. Басқа өңірлер мен көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді жобалаларды өңірде жүзеге асыру керек. Жастар тәрбиесі – баршаға ортақ іс. Тәрбиелі де білімді, саналы да мәдениетті ұрпақ – мемлекеттің берік тірегі. Жас ұрпақты отансүйгіштікке, білім қууға, имандылыққа тәрбиелеуге бар күш-жігерді бағыттау маңызды. Тек статистикаға ғана емес, нәтижеге жұмыс істеу керек. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет. Жұмыссыз жастармен жүйелі жұмыстар жүргізілсін. Сапалы білім беру, өмірге бейімдеу, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жас ғалымдарды қолдау секілді маңызды шараларға басымдық берілу керек, – деді облыс әкімі.
Облыстың білім беру ұйымдарында арнайы балаларға қатысты түрлі жағдайлардың алдын алу мақсатында 1143 мектепке «111-QR» сенім кодтары орнатылған. Облыс бойынша 127 волонтерлік ұйым және волонтерлік 36 желі фронт-офистері жұмыс істейді. Qazvolunteer.kz ұлттық волонтерлік ұйымға 17 мыңнан астам белсенді жас мүше.