Түркістан облысында жылдың үздіктері анықталды

0
1 295

Түрлі сала бойынша жалпы 40 адам марапатталды.


Түркістан облысында жылдың үздіктері анықталды

Түркістан облысының үздіктеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы "Конгресс холл" кешенінде қоғамның сан саласы бойынша жылдың үздіктерін марапаттау салтанатты жиыны өтті. Марапаттау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, Түркістан өңірінің дамуына үлес қосқан көшбасшыларға құрмет көрсетті. Сонымен бірге үздіктерді облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев та марапаттады.


Адал еңбегі мен отаншылдығының арқасында өз саласы бойынша үздік атанғандардың бірқатарына тоқталсақ, жылдың үздік ұстазы болып Арыс қаласындағы С.Адамбеков мектебінің мұғалімі Молдабай Сүйіндіков танылса, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің аға оқытушысы Нұрлыхан Әбдіқадыр үздік жас ғалым атанды. "Жылдың үздік журналисі" аталымы бойынша "Оңтүстік Қазақстан" газетінің бөлім меңгерушісі Дәулет Тұрсынұлы үздік атанса, Қазығұрт ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Сапарбек Қалботаев "Жылдың үздік баспасөз қызметі" аталымы бойынша топ жарды.


Жылдың үздік режиссері болып Р. Сейтіметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының қоюшы режиссері Қуандық Қасымов танылса, үздік дәрігер мәртебесіне Түркістан облысының №2 перенеталдық орталығының акушер-гинекологы Лейла Үкібаева ие болды. "Қаратас Майнинг" ЖШС-нің қызметкері Саят Серік үздік құрылысшы болса, "Бадам" өндірістік кооперативінің бас агрономы Барыс Менліқұлов жылдың үздік агрономы деп танылды. "Жылдың үздік мал дәрігері" аталымында төлебилік ветеринар Қайыржан Елтаев үздік атанса, белсенді жас Нұрайым Қуандық жылдың үздік еріктісі атанды.


Салтанатты жиында әр түрлі сала бойынша жалпы 40 адам марапатталды.