Түркістан облысының полицейлері достарының атынан онлайн несие алған алаяқты тапты

0
847

Күдікті Түлкібас ауданында туылып, Алматыға көшіп кеткен.


Түркістан облысының полицейлері достарының атынан онлайн несие алған алаяқты тапты

иллюстрациялық фото

Алаяқтық жолмен бірнеше онлайн-несиені рәсімдеген жігіт Алматы облысында қамалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түлкібас аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Жәбірленуші жас жігіттің айтуынша, Алматыдағы сыныптасы банкомат карточкасының реквизитін пайдалана отырып, оның атынан екі рет онлайн-несие алған.Келтірілген шығын көлемі – 75 000 теңге.

Полиция бөліміне осындай арызбен тағы бір жас қыз шағым түсірді. Ол жоғарыдағы жәбірленушінің әріптесі болып шықты. Жәбірленуші жас қыздың айтуынша, әріптесінің өтінішін орындап, оның Алматы қаласындағы досына банктік карточкасының реквизит нөмірлерін берген. Кейіннен өзінің атынан төрт рет несие алынғанын білген. Келтірілген шығын көлемі 250 000 теңгеден асады.

Аталған жайттар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді. Арызданушылардың арызына сәйкес алаяқты ұстау үшін Түлкібас ауданының полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Куәгерлерден жауап алып, республика бойынша іздеу жарияланды.

Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері күдікті Алматы облысында да құқықбұзушылық жасап, іздеуде жүргенін анықтады. Алаяқ Ұзынағашта ұсталды. Алматы облысында да бірнеше қылмысқа қатыстылығы анықталғандықтан іс біріктіріліп, Алматы облысында қамауға алынған. Ол өзінің кінәсін толығымен мойындады.

Қылмыстың мән-жайын анықтауға кіріскен Түлкібастық тергеуші Азамат Сапаровтың анықтауынша, күдікті Түлкібас ауданында туылып, Алматыға көшіп кеткеніне 10 жылдан асқан. Ол өзінің ойын іске асыру мақсатында сыныптасына Түлкібастағы ата-анасына ақша салатынын айтып, банктік құпия сандарын біліп алғаны белгілі болды. Осылайша, ол жәбірленушінің жеке деректерін пайдаланып, онлайн-несие рәсімдеген. Алған несиелерін өз қажеттілігіне жаратқан. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.