Ол зергерлік бұйымдарды ломбардқа 800 мың теңгеге тапсырған.
ERNUR.KZ. Түркістан облысында пәтер ұрлығы ашылды. Түлкібас ауданының полицейлері құны екі миллион теңгеден асатын алтын бұйымдарды ұрлаған күдіктіні ұстады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Күдікті жәбірленушінің туысы болып шықты. Ұрлық болған күні ол онымен бірге ортақ досының үйінде қонақта болған.
Осы сәтті пайдаланып, жеке мәселелерін шешемін деген сылтаумен үйден шығып, қоршаудан асып, туысының үйіне терезе арқылы кірген. Сосын жатын бөлмеден құны 2 миллион теңге тұратын алтын бұйымдарды ұрлап, қылмыстың ізін жасыру мақсатында қонақтарға қайта оралған.
Келесі күні ол зергерлік бұйымдарды ломбардқа 800 мың теңгеге тапсырған. Тәртіп сақшылары ұрланған мүлікті тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.
Қазір күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.