Түркістан өңірінде ағын су мәселесі талқыланды

0
546

ҚР Су ресурстары жәнге ирригация министрі іссапармен келді.


Түркістан өңірінде ағын су мәселесі талқыланды

Түркістан өңірі шаруаларымен кездескен министр су жайын егжей-тегжейлі талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Су ресурстары жәнге ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған топ Шардараға іссапармен келді. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев министрлік басшылығына Ақшеңгелді ауылдық округіндегі «Қызылқұм» магистралды каналының астынан өткізіліп жатқан су құрылғысының (дюкер) құрылыс жұмысын көрсетті. Мұнан соң Жаушықұм алқабын игеру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.


Түс қайта аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында шаруа қожалық өкілдерімен, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өтті. Нұржан Молдиярұлы Парламентке ұсынылған жаңа Су Кодексінің жобасымен таныстырды.


«Жаңа Су Кодексін енгізудегі мақсат – еліміздің ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, су саласындағы проблемаларды шешу. Суды дұрыс пайдалана отырып, экологияны дұрыстайтын боламыз. Қазіргі таңда әлем жұртшылығы су тапшылығына алаңдап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суды пайдаланудың өзіндік мәдениетін қалыптастыруды тапсырды. Яғни, суды үнемдеуге арналған жаңа технологияларды қолдана отырып, өнімділікті арттырамыз», – деді министр.


Халықпен кездесуде «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалының басшысы Қазбек Бедебаев хабарлама жасады. Венгрияның «SOIL SOLUTION» ЖШС-інің құрылтайшысы Репасе Даниель топырақ ылғалдығын сақтап, суды үнемдеуге арналған жаңа преапаратты таныстырды. Тамшылатып суаруға қажетті барлық технология түрін шғаратын өзбекстандық зауыт директоры Шахабиддин Шарафиддинұлы өз өнімдерін кепілдемесімен әкеліп орнатып беретінін айтса, Кентау қаласындағы жаңбырлатып суару құрылғыларын шығаратын зауыттың өкілі де су үнемдеуге арналған отандық өнімнің сипаттамаларын айтып өтті.


Жиын барысында бірқатар шаруа қожалық өкілдері өздерін толғандырып жүрген мәселелерді министрдің алдына көлденең тартты. Нұржан Молдиярұлы өзекті деген проблемаларды жазып алып, диқандар игілігі үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.