ТҮРКІСТАН: Ортақ жайылым көлемі 1 миллион гектарға ұлғаяды

0
534

Мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері өсуде.


ТҮРКІСТАН: Ортақ жайылым көлемі 1 миллион гектарға ұлғаяды

Түркістан облысында ортақ жайылым көлемі 1 миллион гектарға ұлғайтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері өсуде. 1 маусымдағы жағдай бойынша мал шаруашылығында 181,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 102,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны 8 миллионнан асып, былтырмен салыстырғанда орташа есеппен 4 пайызға артты.


Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулері назарға алынып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алынып тасталды. Сонымен қатар ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жүргізілуде.


Облыста етті экспорттау қарқынды дамуда. Өткен жылдың қорытындысымен 15,7 мың тонна ірі қара мал еті, 8 мың тонна қой еті экспортталды. Биыл бұл көрсеткіштер ірі қара мал еті бойынша 5 мың тоннаға, қой еті бойынша 2,6 мың тоннаға жетті.


Жалпы, облыста мал шаруашылығы көрсеткіштері оңды динамиканы көрсеткенімен, жайылым жерлердің тапшылығы орын алып отыр. Жайылым тапшылығын жою үшін ортақ жайылым көлемін биыл 1 млн. 15 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Оның ішінде, жыл қорытындысымен 333 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылады. Қалған 682 мың гектарды қайтаруға елді мекендердегі жайылым жүктемесін төмендету арқылу қол жеткізу жоспарлануда. Есепті кезеңде 102 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл қорытындысымен жоспар толығымен орындалады.


Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту аясында жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында басымдық мал бордақылау алаңдары мен сүт-тауарлы фермаларын ашуға берілуде. Бұл бағыттарда биыл бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылады.


Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарының саны артады. Биыл 8 млрд. теңгеге сыйымдылығы 37 мың 350 басты құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ 13 млрд. теңгеге 2 мың 380 басқа арналған сүт-тауарлы фермалары салынып, 100-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.


Қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын сақтауға мүмкіндік берді. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында мал бордақылау бағыты бойынша 695 млн. теңгеге 157 жоба, сүт-тауарлы фермалары бағыты бойынша 788 млн. теңгеге 170 жоба мақұлданды. Бұл бағыттағы мәселелер тұрақты бақылауда.