Конференция аясында бірнеше рәсім орындалды.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2023 жылдың 27 қазанында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орындардың туристік әлеуеті және болашақ мүмкіндіктері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның мақсаты - ішкі және сыртқы туристерді тарихи-мәдени орындарға тарту жолдарын қарастыру. Оның ішінде жоғарғы талаптарға сай музей экспозициясын тиімді жасақтау, әрі берілетін мәліметті толыққанды жеткізу жолдарын қарастыру. Тарихи-мәдени құндылықтарды барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу және сол арқылы туристерді тарту.
Республикалық конференцияға Отырар ауданы әкімінің м.у.а. Оралбай Ержан Асанұлы, Отырар ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сыздықов Батырбек Асқарбекұлы, Түркістан облысы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану орталығының басшысы Құрбан Жандос Керімұлы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның директоры м.а. Махашов Жангелді Меңлібайұлы, «Open Turkistan» туристік ақпарттық орталығы директоры Жұманов Асан Омарғалиұлы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның директорының орынбасары Ақылбек Серік Шәймерденұлы, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚМПУ-нің т.ғ.к., доцент Анарбаев Қайрат Сапарханұлы, Түркістан облыстық «Ұлы Дала Елі» орталығының ғылыми қызметкері Тауасарова Дилорам Рахимовна, облыс, аудан, қалалық музей директорлары мен ғылыми қызметкерлері, сонымен қатар, zoom платформасы арқылы онлайн түрде Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ф.ғ.к., Қауымдастырылған профессор Қаратышқанова Қымбат Рахметовна сынды тұлғалар қатысты.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Оралбай Ержан Асанұлы мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның директоры м.а. Махашов Жангелді Меңлібайұлы құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде ашып берді.
Конференция барысында, Отырар ауданының жас ақыны Жүсіпәлиева Гаухар қатысушыларға өзінің арнау өлеңін оқып беріп, қадірлі қонақтардың мерейін өсіріп, мәстебесін асырды. Баяндамалар оқылып, презентация жасалды. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орындардың туристік әлеуетін арттыру, оларды дамытуда музейлердің рөлі мен қызметін жандандыру және туристік тұрғыдан дамытудың әдістемесі мен болашақ мүмкіндіктері аясындағы тақырыптар қамтылды.
Конференция нәтижесінде, Республика туризмін халықаралық деңгейге жеткізу барысында: Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шет елдерде насихаттау, алуан түрлі мамандық иелерімен, көрнекті ғалымдар, археологтармен, реставраторлармен байланыс орнату, туристерге заттық және рухани мәдениетіміз - тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, табиғатымызды таныстыру жолында бірқатар мәселелер шешімін тауып, ұсыныс-пікірлер ескеріліп, конференция қарарына енгізілді.
Сондай-ақ, конференция барысында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның директоры м.а. Махашов Жангелді Меңлібайұлы мен «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының директоры Умаров Ерлан Сүйіндікұлы арасында өзара әрекеттесу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қос тарап Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орындардағы туристік ағынды ұлғайту, тарихи-мәдени құндылықтарды бірлесіп насихаттау және өзара тәжірбие алмасуға уағдаласты. «Visit Shymkent» туристік порталында Отырар алқабының тарихи-мәдени мұрасын бірнеше тілде насихаттау, туристер санын арттыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды, баспа материалдарын әзірлеу және өзге де жұмыстарды ұйымдастыру жайы талқыланды.
Сонымен бірге, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі тарапынан «Сарыарқа – Ұлы дала өркениетінің алтын бесігі» тақырыбында көрме ашылды. Көрменің мақсаты - қазақ халқының материалдық және рухани мұрасын таныту, тамыры терең тарихымен, тұғыры биік тұлғаларын дәріптеу, облыстар арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, Орталық Қазақстанның бай материалдық және рухани мұрасымен таныстыру.
Көрмені Отырар ауданы Оралбай Ержан Асанұлы, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Нұрмағамбетов Ержан Нұрланұлы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның директоры м.а. Махашов Жангелді Меңлібайұлы ашып беріп, лента қию рәсімінде құттықтау сөз сөйледі.
Атап өтсек, «Сарыарқа- Ұлы дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі VІI бөлімнен тұрады:
I бөлім «Алтын адам және Қарағанды облысының археологиялық ескерткіштері»;
II бөлім «Сарыарқаның қасиетті жерлері»;
III бөлім«Арқа жерінің этнографиясы»;
IV бөлім «Қоянды жәрмеңкесі»;
V бөлім «Болған ана» 2 Болған ана;
VI «Арқаның ардақты азаматтары»;
VIІ бөлім «Кеншілер қаласы».
Көрме 2023 жылғы 27 қазаннан 17 қарашаға дейін жалғасатын болады.
Мекенжайы: Отырар ауданы, Талапты ауылы, Сапар орталығы ғимараты.