Табиғаттың бар байлығын өн бойына жиған жұмақ мекеннің төріне жиналған жұртшылық, баурайына бақ қонған өлкенің дара перзентін сағынышпен еске алды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы Түлкібас ауданында өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қарымды қаламгер, ұлтқа еңбегі сіңген қайраткер Мархабат Байғұттың туып өскен мекені Пістелі аулында өткен жүздесуге «MIRAS» кеңесінің мүшелерінен бөлек, заңғар жазушының замандас сыйластары, достары, ауылдастары, туған-туыстары, шәкірттері, Түркістан облысының және Түлкібас ауданының мәдениет саласына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, партияластарымыз қатысты.
Жиын бейресми мазмұнда, еркін пікір алмасу алаңы сипатында ұйымдастырылып, оған қатысушылар Пістелі ауылдық кітапханасының ауласындағы жасыл желекті алаңқайда бас қосты. Табиғаттың бар байлығын өн бойына жиған жұмақ мекеннің төріне жиналған жұртшылық, баурайына бақ қонған өлкенің дара перзентін сағынышпен еске алды.
Табиғаты көркем, жері шұрайлы құт мекенде аманаттық өкілдер бас болып ұйымдастырып отырған шараның мақсат-міндетін айтып өткен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреқызы бұл шара қайраткердің дүниеге келген күні – 25 мамырда өткізу жоспарланғанын айтып, белгілі себептермен кейінге шегерілгенін жеткізді. Кеңестің көшпелі жиынын «Көркем сөздің көшбасшысы» тақырыбына арнап, Мархабат Байғұттың қайраткерлік қасиетін ашуға, өңірдің руханиятын көтеруге қосқан үлесін еске алып, айшықтау міндетін атқару көзделгенін түсіндірді.
Партияның облыстық филиалы жанынан құрылған «MIRAS» кеңесіне 10 жылдан астам уақыт бойы жетекшілік етіп, партияның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Оңтүстік өңірінің руханиятын түгендеуге, мәдениетін ілгерілетуге, әдебиетін қалыптауға сіңірген еңбегі де бір төбе екенін зор тебіреніспен еске алды. Сүбелі сөздің иесі, сөз зергері болған Мархабат ағаның көркем мақамдары ұлтымыздың ұлы мирасы сапында халықтық мұрамыз боп қала беретініне сенім білдірді. Елжанды азаматтың биік адамгершілік сипатын, байқампаздық қасиетін, байыпты ұстанымын, бауырмашылдық болмысын әдемі суреттеп, оның Пістеліге деген ерекше қадір-құрметін, перзенттік махаббатын көркемдеп баяндап берді.
Кеңес мүшесі, «Тұран-Түркістан» журналының Бас редакторы, журналист Аида Өтеп Мархабат ағаның туған топырағына, аяқ басқан жеріне келіп, тау тұлғалы азаматтың еңбегі мен қайраткерлігін еске алу – тағлымы мол іс-шара екенін жеткізді. «Таупістелі тағлымы: Бозарықтан-Бозторғайға» жобасы аясында Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай 77 шақырымды қаламгермен бірлесе жаяу басып өткенін еске алды. Шәкірт пен ұстаз арасындағы терең сырластық әңгімеде осы аймақ-атыраптың тарихы түгел қамтылғанын жеткізді. Сол сапары барысында Мархабат аға Түлкібас жерінің әр нүктесіне аялдап, туған жердің қадыр-қасиеті жөнінде қызықты деректер айтып беріпті. Сөзін түйіндеген Аида Рысбекқызы жазушының «Әкімнің әйелі» кітабына енген «Қош бол, кітап...» шығармасынан үзінді оқыды.
Сөз тізгінін алған кеңес мүшесі, «Turkistan Media Holding»-нің басқарушы директоры Тельман Бейсенов тағлымды іс-шара өткізіп жатқан аманаттық өкілдерге алғысын білдіре отырып, Мархабат ағаның туған жерге деген ерекше ықыласты сүйіспеншілігін еске алды. Қаламгердің болмысы бөлек отаншылдық рухын айта отырып, оның туған жердің аяулы ұлы болып өсуіне Тянь-Шань таулы өлкесінің Алатау мен Қаратау түйіскен тұсында жайғасқан Таупістелісі ерекше әсер етті деп пайымдайтынын білдірді. Мархабат ағаның ұлт руханиятын түлетудегі жарқын ісін, ұлт уызына қаныққан тәлім-тәрбие жүйесін орнықтырудағы рөлін, өңірдің журналистика саласында қалдырған ізін айтып өтті.
Қаламгердің сыныптасы ретінде сөз алған Түлкібас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалаубек Анашев Түлкібас ауданында «Мархабат - Мирас» қоғамдық қорымен жыл сайын Мархабат оқулары өтіп тұратынын айтты. Жазушының балалық шағы мен студенттік өмірінен сыр шерте отырып, оның ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсу кезінде бірге өткерген қызықшылықтарын айтып берді. Құрдас, дәурені бір замандас, сыйлас дос ретінде араласқан өмірдің жарқын сәттерімен бөлісіп, Мархабат ағаның биік адамгершілік болмысын жақыннан таныстырды. Жазушы өміріндегі қызықты сәттерді Мархабат ағаның сыйлас ауылдасы, досы болған Қанатбек аға да, жеңгесі болған Сәндігүл апа да айтып берді.
Мазмұны ерек іс-шараның тағлымдық тәрбиесі жөнінде іс-шараға арнайы келген «Көксарай» өндірістік кооперативінің төрағасы Асланбек Нұранов айтып өтсе, кеңес мүшесі, ақын Айдар Сейдәзім Мархабат аға ақын-жазушыларға қолдаудан аянып қалмаған асыл азамат екенін еске алды. Қарапайымдылығымен, байыптылығымен, қамқоршылығымен танылған қайраткер екенін айтты. Оның шығармаларын зер салып оқитын болсақ, таңдап алған тақырыптарының өзі өмір жолын білдіретінін мәлімдеді. Халық мақамы бөлек Мархабат деп бекер айтпайтынын еске алып, жазушының қаламынан шыққан туындылар жүрекке жеңіл жететінін жеткізді. Мархабат ағаның шын өмірі енді басталғанын еске салып, оның шығармаларын дәріптеу, оның тұрақ мекені болған шаңырақта мұражай жасақтау, Мархабат Байғүт оқуларын республикалық деңгейде ұйымдастыру, жазушының есімін ұлықтау сынды жұмыстар атқарылуы керектігіне назар аударды.
Сөз тізгінін алған кеңес төрағасының орынбасары, «Turkistan Media Holding»-нің бас директоры Жанахмет Ағыбаев жазушының құт мекені болған Пістеліні көру, оның шығармаларының кейіпкерлері болған азаматтармен дидарласып, сұхбат құру шын мәнінде тағлымы мол іс-шара болғанын атап өтті. Мархабат ағаның жылы шырайы, жұмсақ жымыйсы асқар тауым болған әкеме ұқсайтын еді деп жүрек сырын ақтарды. Ұлт руханиятында жарқын із қалдырған қаламгер жайлы деректі фильм түсірілгенін еске алып, ол «Turkistan» телеарнасының алтын қоры болып отырғанын жеткізді. Парасат пайымы биік азаматтың есімін мәңгілікке қалдыру ұсыныстарын қолдайтын білдіріп, бұл бағытта қоғам болып бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев Мархабат ағамен Асанбай Асқаровтың өмір жолы мен қайраткерлігін сахналау барысында шығармашылық идеяны іздестіруде танысып, тығыз байланыста жұмыс жүргізгенін еске алды. Алдағы уақытта Мархабат ағаның туындылары негізінде жаңа шығармашылық ізденістер болатынын, ол шығармалар театр репертуарларынан көрінетініне сенім білдірді. Ономастика саласында жазушының есімін мәңгілікке қалдыру мәселесі де алдағы уақыттың еншісінде екенін айта отырып, осы бағыттағы ережелер мен талаптарға сәйкес жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Жиын барысында сондай-ақ Түлкібас ауданындағы мәдениет пен туризм саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде Түлкібас аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сейфуллаевтың есебі тыңдалды.
Келелі өткен кездесуде қорытынды сөз алған Мархабат ағаның зайыбы Қыздаркүл Пернебайқызы жүздесудің өтуіне ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Мархабат ағаның жақсы адамгершілік қасиеттері жөнінде ой толғай отырып, оның қарапайымдылығын, еңбекқорлығын, адамдарды бөліп-жармай жақын тартқан болмысын, туған жерге деген махабаттын тілге тиек етті. Жазушының артында қалған мол мұрасы – елдің қазынасы екенін айтып, Ханбибі Есенқарақызының қаламынан шыққан «Қаламдасым Мархабатқа» атты сағынышқа толы жыр шумағын оқып берді.
Жиын соңында оған қатысушылар Пістелі аулындағы мешітте марқұмның рухына арналған асқа қатысты, жазушының зиратына барып, Құран бағыштады.